Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен экономиканы әртараптандыру және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне арналған мәжіліс отырысы өтті.
Мәжіліске дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту және шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Аудан әкімі өз сөзінде экономиканы одан әрі әртараптандыру — қазіргі кезеңдегі басты стратегиялық міндеттердің бірі екенін атап өтті. Жаһандану жағдайында әлемдік нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі, технологиялық өзгерістердің жеделдеуі және экономикалық тәуекелдердің артуы аудан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жаңа тәсілдерді талап ететінін жеткізді.
– “Экономиканың бір ғана салаға тәуелді болуы — ұзақ мерзімді дамуға қауіп төндіреді. Сондықтан өндіріс құрылымын жетілдіру, жаңа бағыттарды дамыту уақыт талабы. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді,” — деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын тиімді ұйымдастыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен сөз болды.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі айтылып, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану бағытында нақты міндеттер белгіленді.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жауапты тұлғаларға экономикалық көрсеткіштерді арттыру, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту және белгіленген индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
