Kyzylorda-news.kz Бүгін Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Есжановтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтті. Жиында Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес экономика салаларына жасанды интеллектті енгізу мәселесі қаралып, бірқатар тапсырмалар берілді.
Аталған салаға қазіргі таңда ерекше басымдық берілуде. Мемлекет басшысы өткен жылы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің цифрлық мемлекетке айналуы стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны белгілі.
Жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ш. Есжанов дербес бөлім басшыларына, қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне цифрлық технологияларды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған стратегиясы мен цифрлық картада көзделген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын пайдалану дағдылары бойынша оқыту жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.
Жиында қала тұрғындарын сапалы байланыс және ғаламтор желісімен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту жөнінде де тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек, ауданның санитарлық тазалығы да назардан тыс қалмады. Аудан бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының әлі де толық деңгейде жүзеге аспай отырғаны айтылып, қаланың кейбір аймақтарында анықталған кемшіліктерді жедел жою жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
