Kyzylorda-news.kz Бүгін Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселесі қаралды.
Мәжіліс барысында аудан әкімі ауданда цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Цифрландыру – экономиканың барлық саласының тиімділігін арттыратын негізгі құрал. Сондықтан біз әрбір мекемеде цифрлық шешімдерді кеңінен енгізіп, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруіміз қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мәжілісте аудан әкімі барлық бөлімдер мен мекемелерге қызмет сапасын арттыру мен ашықтықты қамтамасыз етуде цифрлық жүйелерді жетілдіруді тапсырды.
Аталған салаға қазіргі таңда ерекше басымдық берілуде. Мемлекет басшысы өткен жылы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің цифрлық мемлекетке айналуы стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны белгілі. Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын пайдалану дағдылары бойынша оқыту жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.
Жиында аудан тұрғындарын сапалы байланыс және ғаламтор желісімен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту жөнінде де тапсырмалар берілді.

