Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың халықпен кездесуі ауданнан шалғайда жатқан Іңкәрдария ауылында жалғасты. Тұрғындармен кездесуге аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, дербес бөлім басшылары мен халық қалаулылары қатысты.

Сырдария ауданының әкімі аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып өтті. Сонан соң аудан бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды.

Ауданда биылғы жылдың жоспарына сәйкес кейбір ауылдық округтерде электр желісі бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жол, көшенің асфальтануы мен жөндеу, жарықтануы назардағы мәселенің бірі. 

Іңкәрдария ауылының тұрғындары аудан басшысына халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесіне және тағы басқа бірқатар түйткілді мәселелердің шешімі туралы өз пікірлерін айтты. Соның бірі – Іңкәрдария ауылы бойынша құм арасындағы ұңғыма және шеген құдықтарды қалыпқа келтіру. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығын дамытуға септігін тигізсе, аяқ су және жол мәселелері де шешімін күтіп тұрғанын жеткізді.

Ал Ақжарма ауылындағы тұрғындармен кездесуде мал жайылымдық жер, жұмыс және газдандыру мәселесі қозғалды. Биылғы жылы ауданның бірнеше елді-мекендері көгілдір отынға қосылуы бойынша жұмыс атқарылатын болады. Сондықтан Ақжармалықтардың да газ мәселесін көтеруі орынды. Дегенмен барлығына бөлінетін қаражатты кезең-кезеңімен шешу күн тәртібіндегі мәселе.

Ауыл тұрғындарымен ашық алаңда кездескен аудан әкімі Б.Сәрменбаев кездесуді қорытындылап, тиісті сала басшыларымен мәселелерге қатысты жауаптарын беріп, қаржы және уақыт талап ететін ұсыныстарды жоспарға сәйкес жүргізілетінін жеткізді.
 

Тағы да оқыңыз: