Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы “Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы” заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

ЕАЭО-ға мүше елдердің кез келген азаматы одақ елдерінің бірінде жұмыс істеген жылдары үшін зейнетақы алады.

Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қазір ЕАЭО елдерінде әртүрлі зейнетақы жүйесі қолданылатынын айтты. Мәселен, Беларусьте жинақтаушы жүйе жоқ. Қазақстан, Ресей, Арменияның жинақтаушы жүйелері әртүрлі. Зейнетақы жүйелерін қаржыландыру және зейнетақы қаражатын бөлу тәсілдерінде де айырмашылықтар бар.

Бұдан бөлек, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі зейнет жасы, мөлшері, еңбек өтілі, зейнетақы аударымдарының көздері және басқа параметрлер бойынша да ерекшеленеді.

Енді еңбекшілердің құқығы өзі жұмысқа орналасқан мемлекет азаматтарымен тең болады; әрбір мемлекет өз аумағында жұмыс істеген жылдар үшін зейнетақы төлейді; әрбір мүше мемлекет зейнетақы алу құқығын айқындап, оның мөлшерін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес есептейді; зейнетақы экспорты мәселесі реттеледі.

Тағы да оқыңыз: