Kyzylorda-news.kz. Ақыл таразысына салып, байыптап қарасаңыз, кәсіп істеймін деген адамға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Бұл орайда тіпті өкпелеудің жөні жоқ. Бір ұтымдысы, өз алдына кәсібін енді бастаймын дегендер қайтарымсыз грантқа ие болса, бұл орайда аз-кем тәжірибе жинақтаған, енді ісін ұлғайтуды көздегендерге шағын несие түрінде қолдау көрсетілуде.
Қолыңыздан іс келіп, барды ұқсатамын десеңіз мүмкіндік көп. Кәсіп ашамын деген жанға Мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Тек жоспарыңыз нық болса болғаны. Бүгінде елдің дамуына үлес қосып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар ауданымызда көбейіп келеді. Соның бірі – дүр оңғарлық Ерсін Өтепов ауылдан шағын цех ашып, шаруашылыққа қажетті әрі сұранысқа ие құрылыс материалын шығаруда.
«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікті оқып, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталық» арқылы жас кәсіпкер 5 млн теңге несие алған. Істі бастау үшін қаражатқа Қытайдан өзі өндіріске қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, әрі сол жақтан құрылғының тілін үйреніп келген. Ерсіннің арғы аталары елге танымал белгілі ұста болыпты. Өзі де сол өнерден алыс емес. Қанмен келген қасиеттің арқасында кәсіпті тез игеріп, жұмысын бастап кеткен.
«Жасымнан темір құралдарға жақын өстім. Сым, темірден бұйым жасап, ойыма келгенді ұйқастырып шығаратынмын. Кейін осы өнер кәсіп бастауыма себепші болды. Біз көбіне сырттан келетін дайын өнімге үйреніп қалғанбыз. Байқасаңыз елімізде өндіріс саласы аз. Осыдан кейін неге өзімізден цех ашып, қажетті құрылыс құралдарын шығармасқа деген ой келді. Сөйтіп осы саланы жан-жақты зерттеп, қоршауға арналған тор мен тікен сым және шеге шығаратын өндірісті қолға алдым. Өйткені ауылдағы шаруашылыққа мұндай материалдар керек-ақ. Одан бөлек ауласын белгілеп, айналасын қоршаймын дегендерге таптырмас құрал. Ал шегенің қажеті қашанда жоғары», – дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде Ерсіннің қолға алған ісінің аяқалысы жаман емес. Қондырғысы бір сағатта тікен сымның 70-80 метрін шығарса, тор қоршаудан 60-70 метр тоқып, дайындап береді. Бастапқыда өндіріске қажетті шикізатты Қытай мен Ресейден алдыртуға тырысыпты. Алайда қазіргі саяси ахуалға байланысты қажетті сымды Алматыдан алдыртып отыр. Кәсіпкердің цехынан шыққан өнімге тұтынушылар оң бағасын беріп те қойған. Өзге аудандардан жиі тапсырыс түсіп, істің тоқтап қалмай әрі қарай дамуына сеп болуда.
