Kyzylorda-news.kz 9 қазан - Дүниежүзілік пошта күні. Осыған орай, бүгін аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов Қазалы аудандық пошта торабы мекемесінің қызметкерлері мен сала ардагерлерін қабылдап, мерекемен құттықтады. 

- Пошта – қоғам мен адамдар арасындағы байланысты нығайтатын маңызды сала. Бүгінде Қазалы аудандық пошта торабында 17 байланыс бөлімшесі жұмыс жасайды, онда 56 азамат қызмет атқаруда. Сіздердің еңбектеріңіз – халықты байланыстырып, алысты жақын етіп, қуаныш пен жақсы жаңалықты жеткізетін абыройлы қызмет. Төтенше жағдай мен карантин уақытында барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, күннің ыстық-суығына қарамай аудан тұрғындарына хаттарды және баспасөз басылымдарын дер кезінде жеткізіп жүрген хат тасушыларымыздыңда еңбегі зор. Сондықтан да қиындығы мен қызығы қатар жүретін еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін, - деді Дәурен Оңғарбайұлы.

Мерекелік қабылдауда Дәурен Оңғарбайұлы Қазалы аудандық пошта торабының ұжымына аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың Құттықтауын табыстап, бірқатар сала ардагерлерімен қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Өз кезегінде сала ардагерлері Телағыс Меркеев, Зоя Қыдырниязова және  Қазалы аудандық пошта торабы мекемесінің басшысы Айдос Қуандық әріптестерін мерекемен құттықтап, көрсетілген қошемет-құрметке алғыстарын айтты.

Мерекелік басқосу Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығы өнерпаздарының әсем әндерімен аяқталып, мереке иелері көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Дүниежүзілік пошта күні 2.jpg

Тағы да оқыңыз: