Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 10 қараша – Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күніне орай «Ғылым – бейбітшілік пен тұрақты дамудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – ғылымның қоғам дамуындағы маңызын айқындау, ғылыми зерттеулердің өзекті бағыттарын талқылау және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту.
Жиынды Ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрлыбек Мыңжас ашып, ғылымның тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
Дөңгелек үстелге Жапонияның Вакаяма университетінің доценті, аридтік аймақтарды зерттеуші Дзиро Иида және Швецияның Гетеборг қаласынан журналист-эколог Томас Эриксон онлайн форматта қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шара барысында «Биология, география және химия» білім беру бағдарламасының профессор-зерттеушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Анипа Тапалова, Т.Д. Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеулер ғылыми-білім беру орталығының бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты Гүлмира Абызбекова, профессор-зерттеуші, биология ғылымдарының кандидаты Рахат Құрманбаев және Жаратылыстану институты директорының орынбасары, PhD Ерлан Шынбергенов баяндама жасады.
Ғалымдар әлемдік ғылымның даму үрдістері, жасыл химия, Арал теңізінің экологиялық мәселелері және Сыр өңіріндегі ғылыми зерттеулердің даму перспективалары жөнінде ой бөлісті.
Жиын соңында қатысушылар ғылымның өзекті мәселелерін талқылап, тұрақты даму бағытындағы зерттеулерді жетілдіру мен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын атап өтті.
