Kyzylorda-news.kz Еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген жалынды жастар баршылық. Олардың қатарында түрлі сала мамандары бар. Сырдариялық Досжан Елеусінов бір жылдары мұнайлы қала Ақтауда қызмет еткен. Оның жас та болса өнегелі өмір жолы үлгі-өнеге  саналады. Оқырмандар назарына білімі мен біліктілігі арқасында мықты маман атанған Досжан Мектепханұлымен сұхбатты ұсынамыз.

– Досжан Мектепханұлы, туған жерден түлеп ұшқан шәкіртін жерлестері мақтаныш етеді. Қасиетті топырақтан шыққан Сыр ұланының қызық та ұмытылмас балалық шағы туралы әңгімемізді бастасақ?

– Сыр елі – қасиетті мекен. Туған жерден түлеп ұшқаныма бірнеше жыл өтсе де жүрегім туған жермен бірге соғады. Себебі онда дүниедегі ең асыл жандар – ата-анам, бауырларым, туған-туыстарым, сүйікті ұстаздарым бар. Қайда жүрсек те олардың тілеулес екенін сезінудің өзі үлкен бақыт. Көп балалы отбасында 1988 жылы дүниеге келдім, үйдің кенжесімін. Алдымдағы үш ағам мен екі әпкем – менің қамқоршылары болып табылады.

Аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі екеніиді мақтан тұтамын. Бала кезімнен логикалық есептерге жүйрік едім. Сондықтан болар физика, математика пәндерінен білім сайыстарына, пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орын алатынмын. Әрине, бұл үшін ұстаздарға мың алғыс. Менің қабілет-қарымымды шыңдай түскен Рыскүл Симағанбетова, Ардақ Қуанышева, Светлана Құрамысова, марқұм Райхан Танабаева, Маржан Қалхоразова апайларға алғысым шексіз. Ұстаздардың берген білімі мен тәрбиесінің арқасында мектепті Алтын белгіге бітіре алдым.

– Болашаққа жолдама алған түлектің таңдауы қай оқу орнына түсті екен, белгілі маман иесі атану үшін қандай білім сатысынан өттіңіз?

– 2005 жылы Алтын белгі иегері ретінде еліміздегі кез келген университетіне және де қалаған мамандыққа оқуға түсу мүмкіндігін алдым. Таңдауым еліміздегі ең үздік техникалық университеттердің бірі – Қазақ Британ Техникалық университеті болды. Өйткені бұл университетте қазақ және орыс тілінде ғана емес, ағылшын тілінде де оқыту жүйесі қарастырылған болатын. Аталған университетті мұнай-газ ісі мамандығы бойынша 2009 жылы үздік дипломмен бітірдім. Сондай-ақ білімімді одан әрі шыңдау үшін, «Болашақ» бағдарламасымен бағымды сынап көрдім. Жолым болып, Ұлыбританияның Роберт Гордон университетінде мұнай-газ ісі саласында магистр дәрежесін алдым. Екі университетте алған білімім мен өндірісте жинаған тәжірибем жұмысқа орналасу барысында өте көп көмегін тигізді. Айта кететін жайт, магистратурада оқып жүріп халықаралық Маерск Ойл компаниясының Шотландияның Абердин қаласындағы кеңсесінде әңгімелесуден өтіп, Қазақстандағы филиалға жұмысқа қабылдандым. Осы компанияның Дания, Катар және АҚШ елдеріндегі филиалдарында жұмыс жасап тәжірибемді шыңдадым. Сонымен қатар Еуропада және Араб елдерінде семинарларға, конференцияларға және тренингтерге қатысу мүмкіндігі берілді. Қазір мұнай саласындағы ең үлкен компанияларының бірі Тотал компаниясының Ақтау қаласындағы филиалында қызмет етіп келемін. Лауазымым мұнай және газ кен орындарын зерттеу аға инженері, мұнай және газ қорының менеджері.

– Ауданға белгілі чемпиондар әулетінен шыққан азамат ретінде өзіңіздің бұрын тоғызқұмалақ ойнағаныңызды білеміз. Қазіргі кезде ұлттық ойыннан қол үзіп қалған жоқсыз ба?

– Әкем Мектепхан Елеусін бізге кішкентайымыздан шахмат және тоғызқұмалақ секілді интеллектуалды ойындарды үйретті. Оның ішінде ұлттық ойын тоғызқұмалаққа аса мән берілді. Әкем ауданның өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлесін қосқан азамат. Оның қолтаңбасы спорт саласында да бар. Зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Бір уақыт немерелерін ұлттық спортқа үйретеді. Ата-ана үшін баласының жеткен жетістігінен асқан қуаныш жоқ шығар, сірә?!

Оқушы кезімде тоғызқұмалақтан және шахматтан облыстық, республикалық және халықаралық сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанған кездер болды. Тоғызқұмалақтан жеткен жетістіктерім бірталай. Қазіргі таңда мамандығым мүлдем басқа сала болғандықтан болар, жарыстарға қатысуға мүмкіндік болмаса да, жанкүйермін. Себебі біздің Сырдария ауданында тоғызқұмалақтың мықты мектебі бар. Оның болашағы зор екенін білемін. Киелі Сыр елі талай чемпиондарды шығаратынына сенімім мол. Ауданда ұлттық ойынды кәсіби тұрғыда ойнайтындар саны артып, ойын деңгейі өскені мәлім.

– Әлемде 40 мыңға жуық мамандық түрі бар екені белгілі. Тәжірибелі маман ретінде жас түлектердің мамандық таңдауда қателеспеу үшін қандай кеңес берер едіңіз? Өз мамандығыңыздың ерекшеліктеріне тоқталсаңыз?

– Жоғарыда атап өткенімдей мамандығым мұнай саласы. Нақтырақ айтсақ мұнай және газ кен орындарын зерттеу. Яғни, мұнай және газ кен орындарын дұрыс зерттеу жобасын құру, кен орындарының қорын есептеу және мұнай өнімдерінің көрсеткішін болжау сияқты жұмыстар негізгі міндетім саналады.

Жалпы соңғы жылдары сұранысқа ие мамандықтар қатарында – деректерді зерттеу ғылымы, жасанды интеллект, нейротерапевт, SMM және т.б атап өтер едім. Бұл мамандықтарға сұраныс та көп. Қай салада болмасын, жүйені автоматтандыру талабы қойылуда. Сол себепті қазірдің өзінде көптеген салада қарапайым бағдарламалар жасау дағдылары қалыптасуда. Сонымен қатар биылғы жылғы әлемдегі карантин жағдайы көрсеткендей, қашықтан жұмыс жасауға бейімделген мамандықтар жұмыс нарығында өз орындарын алып қалды. Жас талапкерлерге айтарым, әрқашанда ізденісте болып, қандай мамандық иесі болсаң да, уақыт талабына сай қосымша дағдыларды үйренуге талпыну керек. Қазіргі уақытта интернет желісінде тегін онлайн курстар, мәліметтер баршылық.

– Теңіз жағалауындағы Ақтау қаласы мен Қызылорданың ара қашықтығы мыңдаған шақырымды құрайды. Дегенемен екі аймақ бір-біріне несімен ұқсасайды немесе қандай ерекшелік бар?

– Иә, расымен де Ақтаудың ауа райы Қызылордаға ұқсайды. Ауылда ағысы қатты Сырдария өзені бар. Ал Ақтау теңізімен ерекше. Теңіздің суы тұзды, таза және жүзуге әлдеқайда жеңіл. Жазда демалуға керемет демалыс орындары көп. Соның бірі биылғы жылы ашылған 5 жұлдызды Риксос қонақ үйі. Бірнеше жылдан бері Ақтауда қызмет еткеннен болар осында үйреніп қалдық. Халқы да ұлттық дәстүрді берік ұстанады. Өте қонақжай.

– Дәстүрлі сұрақ, отбасыңыз туралы айтсаңыз?

– Отбасымда келіншегім Зурамен бірге екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Балалардың жарқын болашағы үшін ата-ана ретінде барымызды салып, дұрыс тәрбие береміз деген ойдамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Тағы да оқыңыз: