Kyzylorda-news.kz Қызылордадағы Достық үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты мерекелік концерт өтті. Шараны Қызылорда облыстық татар қоғамдық-мәдени орталығы ұйымдастырды.
Тағылымды кешке этномәдени бірлестік өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары мен өнер сүйер қауым қатысты. Концерт «Қазақстан» әнімен ашылып, «Жасмин» би тобы қазақ және татар халық билерін орындады. Кеш жүргізушілері Гатиятуллина Ляйсан мен Суровикина Арина қонақтарды үш тілде қарсы алып, бейбіт өмір мен Жеңістің маңызын атап өтті.

Шара барысында «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ басшылық құрамы және Татар орталығының төрағасы Галия Гизатуллина құттықтау сөз сөйлеп, ел бірлігі мен тыныштығының маңыздылығына тоқталды.
Концертте патриоттық және соғыс жылдарындағы әндер орындалды. Атап айтқанда, Кылышбаева Айсараның «Отан», Тен Даная мен Булат Айсананың «Прадедушка», Кокшарова Гульюзумның «Журавли» әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар «Катюша», «Әниемә хат», «Молитва», «Жиңү Көне» және «День Победы» әндері кештің мазмұнын айшықтай түсті.
Мерекелік кеш соңында барлық өнерпаздар сахнаға шығып, майдангерлердің суреттерін ұстаған балалар бейбіт өмір мен ұрпақтар сабақтастығын бейнелеген әсерлі көрініс ұсынды.
