Kyzylorda-news.kz 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Қызылорда облыстық неміс этномәдени бірлестігінің бастамасымен Достық үйінің алаңында сурет байқауы ұйымдастырылды. Іс-шара неміс орталығы жариялаған онкүндік аясында өтті.
Аталмыш байқау – балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың бойына татулық пен бейбітшілік құндылықтарын сіңіруді мақсат етті. Шараның басты тақырыбы – “Достық. Бірлік. Қазақстан”. Осы идеяны балалар өз қиялымен сурет арқылы жеткізуге тырысты. Әрбір бала өз туындысы арқылы елдегі ынтымақ пен келісімнің маңыздылығын көрсетті.
Сайыс шымылдығы “Адажио шоу” орталығының ұйымдастыруымен өткен көңілді ойындармен ашылды. Балалар түрлі интерактивті ойындарға қатысып, шат-шадыман күй кешті. Мерекелік атмосфераны әсем әуен мен жарқын күлкілер толықтырды.
Сурет байқауының қорытындысы бойынша барлық қатысушы балалар жеңімпаз деп танылды. Неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Ирина Шек сөз сөйлеп, балаларға шынайы алғысын білдіріп, мерекемен құттықтап, денсаулық пен жарқын болашақ тіледі.
Іс-шара Достық үйінің мәжіліс залында жалғасын тапты. Мұнда “Славяне” этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен балалар назарына “Буратинаның шытырман оқиғалары” атты анимациялық фильм ұсынылды. Бұл көрініс те балаларға ерекше әсер қалдырды.
Кеш соңында барлық қатысушы балаларға балмұздақтар таратылып, мереке шынайы қуаныш пен мейірімге толы сәттермен түйінделді.