Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Бас оқу ғимаратында «Айбынды Астананың қоғамды модернизациялаудағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар Астананың тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тарихи маңызы, елдің қоғамдық санасын жаңғыртудағы рөлі, әлеуметтік-экономикалық өсімге қосқан үлесі және заманауи урбанизация үдерісіндегі орны туралы пікір алмасты. Сондай-ақ, елорданың ғылым, білім, мәдениет және инновация салаларындағы жетістіктері кеңінен сөз болды.
Дөңгелек үстелде "Әділет" партиясы Қызылорда облыстық филиалының басшысы Жандос Базартай баяндама жасап, Астананың мемлекет дамуының стратегиялық бағытын айқындаудағы маңызына тоқталды.
Іс-шараға Ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрлыбек Мыңжас, "Тарих және археология" БББ жетекшісі Қыдырбай Өткелбаев, халықаралық жобалар мен стипендиялар жөніндегі топ жетекшісі, Шетел тілдері және аударма кафедрасының академиялық доценті Темірболат Кеншінбай, бас редактор Қали Омаров сөз сөйлеп, Астананың елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық модернизациясының маңызды қозғаушы күшіне айналғанын атап өтіп, мұндай танымдық кездесулердің жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы маңызы зор екенін жеткізді.
Еркін пікір алмасу барысында жастардың елдің дамуына қосар үлесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық жаңғыру мәселелері де талқыланды.
