Kyzylorda-news.kz. Мемлекет тарапынан жыл сайын сараланған, нақтыланған көптеген бағдарлама қолға алынып келеді. Бұл халықтың пайдасына барынша жұмыс жасау бағыты болып табылады. Солардың бірі, 14 жылдан бері көптеген маманның, жастың еңбекке орналасуына өз септігін тигізген, жұмыссыздықтың азаюына ықпал етіп келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы.

Иә, елімізде 2009 жылдан бері ауылдық елді мекендердегі кадр әлеуетін күшейту, кәсіби мамандарды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылған болатын. Осы уақытқа дейін әлеуметтік қолдау ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға көрсетіліп келген. Ендігі уақытта кенттер мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне деген орын алып келген кадрлардың тапшылығын жойып, білікті кадрларды тарту арқылы ауылдағы мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру мақсаты да осы бағдарлама аясында орындалатыны да анық болды. Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл бастама да өзінің тиімді тұстарын көрсететініне сенім мол.

Себебі бүгінгі таңға дейін аудан көлемінде осы бағдарлама аясында қызмет атқарып жатқан көптеген жас маманның жемісті жолы біздің көз алдымызда. Арал ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, биылдың өзінде 34 маман біржолғы көтерме жалақыға қол жеткізсе, мамыр-маусым айларында тұрғын үймен қамтылатын мамандар да өздеріне туындаған мүмкіндікке қол жеткізеді деп күтілуде. Солардың бірі бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Жансая Шампылова.

Жансая 1999 жылы Сексеуіл кентінде туған. 2017 жылы №177 орта мектебін бітіріп, арман қуып, оқуға аттанады. Осылайша Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе Жоғарғы медициналық колледжіне қабылданып, мейірбике мамандығын алып шығады.

 Отбасымда әкем, анам, әпкем мен ағам, ешқайсысы медицина саласында қызмет жасамайды. Бірақ олардың пікірі менің мамандық таңдауыма әсер етпеді. Әдетте «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп көпшілік жастар мектеп бітірген соң не анасының, не әкесінің жолын жалғайды ғой. Бірақ менің медицинаны таңдауыма олар қолдау білдірді. «Дұрыс, қызым, болашағы бар мамандықты таңдағаныңды қолдаймыз» деп менің сенімімді нығайта түсті. Оның үстіне маған адам жанының арашашысы болып, олардың адал тілегі мен ақ батасына ие болудан асқан бақыт жоқ сияқты көрінді, – дейді.

Міне, осылайша ақ халаттылардың қатарынан табылған талапты жас 2020 жылы дипломын қолына алып, туған ауылына оралды. Жас маманға бірден қызмет тауып, ойлағанындай қызметке әп-сәтте орналасып кету үнемі мүмкін бола бермейді. Бірақ Жансая сол жылы қоғамдық бағытпен ауылдық жедел жәрдемге жұмысқа орналасып кетті. Бұл оқуды енді бітіріп, әлі де болса тәжірибесін толыстыру жолындағы жас маманға үлкен мүмкіндік болды. Басы ауырып, балтыры сыздаған, түрлі деңгейдегі сырқаттардың жанына жылу, дертіне шипа бола жүріп, медбикелік шеберлікті одан әрі жетілдіре түсті. Жанын қоярға жер таппай жатқан жандардың көңілі орнына түсіп, алғысын жаудырғанда осы мамандығына деген сүйіспеншілігі одан әрі арта түскендей болады екен.

Алты ай уақытын сырқаттардың құрметіне бөленумен өткізген жас маман кейін «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көрді. Бір реттік көтерме жалақыға ие болады. Осы бағдарламаның бағытымен ол Сексеуіл ауылдық ауруханасына мейірбике болып қабылданды. Мұндағы қызу тірлік кейіпкірімізді одан әрі ширықтыра түсті. Ауруханада 5 ай еңбек еткен соң қызметтік қажеттілікке байланысты өзі оқыған №177 орта мектебіне ауысты. Қазірде осы мектепте мейірбике болып жүрген Жансая:

 Қазіргі қызметім өзіме қатты ұнайды. Жалпы таңдаған мамандығым медицина саласы болғандықтан қандай жұмыс ұсынса да барымды салып, өзіме сенген жандардың сенімін ақтағым келеді. Әсіресе балалармен жұмыс жасаған тіпті бөлек. Қазір түрлі жағдайларды естіп, көріп жатырмыз ғой. Мектепке білім алуға келген баланың денсаулығы да біздің міндетіміз. Қалай десек те, әрбір бала бақытты болуға лайықты. Олардың бақытты ғұмыр кешуіне менің де үлесім болғанына  қуанамын. «Өзінің сүйікті ісін істеген адам бақытты емес, өз ісін сүйіп істеген адам бақытты» демейді ме?! Осындай бақытты бұйыртқан мемлекеттің қолдауына да алғысым шексіз, – дейді.

Міне, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында Жансаядай әлі талай жас мамандар еліміздің дамуына зор үлесін қосарына сенім мол.

Тағы да оқыңыз: