Kyzylorda-news.kz. Қалалардың өсiп, ауылдың iрiленуi – өркениеттi қоғамның жетiстiгi. Алайда ауылдан бiржола тамыр үзiп қалмау – өзекті мәселе. Алыптардың көбі осы ауылда дүниеге келгенін ескерсек, болашақта бұл үрдiстiң жiбi үзiлмес үшiн мұнда ұлттық мәдениеттiң ошағы, заманауи бiлiмнiң бастауы сақталуы тиіс. Осыны ескерген Ауыл шаруашылығы министрлігі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске қосты. «Бағдарлама біздің өңірге тиімді ме? Нәтижесі қандай?» деген сауалдарға жауап іздеген едік.
Облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жастар толық қолдайды. Дегенмен бір жылдары «Жастар ауыл десе, ат-тонын ала қашады, маман тапшылығы мәселесі әлі де бір жолға қойылмады» деген пікірлер айтылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мұны аталған жобаның енді ғана жүзеге аса бастаған уақытында ауылда жұмыс істеуге ниетті жастардың қатары сирек болғанымен байланыстырды. Тек уақыт өте келе бағдарлама тиімділігін түсініп, оның жемісін көрген маман көрсеткіші көбейген. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандары бар. Бағдарлама игілігін көрген кадрлардың басым бөлігі Жаңақорған ауданына тиесілі.
Жас мамандардың да ойын ортаға салсақ, Айгүл Құлшаева – бағдарлама қатысушысы. Ол Қорқыт ата атындағы ҚУ-да бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша білім алған. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін арман қала Астанаға бет алуды да ойлапты. Бірақ туған топырақтан жырақтай алмаған. Бала кезінен ұстаз болуды армандаған Айгүл қазір қаладағы «Наурыз» шағын ауданында орналасқан №268 мектеп-лицейде мұғалім қызметін атқарады. Оның айтуынша, бағдарлама жастар үшін ерекше маңызға ие.
«Өзге замандастарым секілді үлкен қалаға аттанып, мақсатымды жүзеге асыруға асыққан кез болды. Алайда жақындарымның жанында қалып, ойдағы армандарымды өз өлкемде іске асыруды шештім. Таңдауыма еш өкінбеймін. Ең бастысы, жастарға берілген осындай мүмкіндікті қалт жібермегеніме қуанамын. Осы бағдарлама аясында біржолғы көмек пен тұрғын үйге қол жеткіздім. Ал ол біз секілді жас отбасы үшін пайдалы», – дейді Айгүл.
Тігіншілікті серік еткен қармақшылық жоба қатысушысы Ұлдана Нұртазаева да «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясында келіп жатқан жастарды мемлекет үлде мен бүлдеге ораған жоқ» дегенмен келіспейді. Жас маманның пікірінше, мемлекет тарапынан әрбір жастың дамуына жағдай жасалған. Мүмкіндікті қалт жібермесеңіз, екі қолға бір күрек табылады.
Арал аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Арман Мұсаев та – кезінде замандастарының басым бөлігі қалаға асыққанда, ауылды түлетуге бағыт алғандардың бірі.
«Қазір бәсекелестік заманы. Сондықтан адам өзіне қажетті мамандықты игеруді ойлаған жөн. Университет бітіріп, мейрамханада даяшы болып жұмыс істеп жүрген жастарды көргенде, текке кеткен уақыт-ай дейсің. Одан да дипломмен ауылға тартып кетсе, жағдай басқаша болар ма еді деген ойда қаласың. Арба сүйреп жүргені де бар. Мұның барлығына мемлекетті кінәлайтындар табылады. Бұған мемлекеттің кінәсі жоқ. Техникалық маман тапшы екенін ескеру қажет. Қарапайым токарь, дәнекерлеуші, аспазшы дегендерден бастап, сұраныстағы мамандықты игеру керек. Мәселен, мал дәрігерін алайық. 1999 жылға дейін совхоз тарап, ветеринарлар жұмыссыз қала бастады. Алайда, 2012 жылдары Үкімет қаулысына өзгертулер енгізілді. Ветеринарлық станциялар жаңғырып, ауылдық округтерде пункттер ашылды. Біз осы серпілісті сезініп, шешім қабылдадық. Жемісін көріп отырмыз. Бүгінде Ақтөбе, Алматы қалаларынан тәжірибеден өтуге келген студенттер осында қалатынын айтқанда қуанамыз. Соңғы жылдары қыздар да осы мамандыққа қызығушылық білдіруде. Бәсекеге қабілетті жастардың қатары артса, мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланса жөн», – дейді Арман.
Ауыл-аймақтардағы кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге бағытталған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жас мамандарды қанаттандырып келеді. Ұлттық экономика министрлігі таратқан ресми ақпаратқа көз жүгіртсек, бағдарлама іске қосылған 10 жылдан астам уақыт ішінде 60 мыңнан астам жас ауылға тартылған екен. Байқағанымыздай, облыстағы қарқын да жаман емес.Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына моно және шағын қалаларды да енгізуді ұсынуы қуантарлық. «Жақында өңірлерде сайлаушылар мен түрлі санаттағы әлеуметтік топтармен, жас мамандармен болған кездесулерде Үкіметке айтылған ұсыныстар аз болған жоқ. Әсіресе, бағдарламаның тиімділігін арттыру жайында өзекті мәселе қозғалды. Елімізде 2009 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының мақсаты – дипломды мамандарды ауылдық жерде тұрақтандыру», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
2009-2020 жылдары осы жобаны жүзеге асыруға 77 мыңнан астам маман 11,5 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 36 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алу үшін 105,3 млрд теңге бюджеттік кредит алған. Өткен 2021 жылы 18,2 млрд теңге игерілген. Ал биыл тағы да 4,3 мың маман тұрғын үй алуы үшін бюджеттік кредит беруге 20 млрд теңге жоспарланған.
«Дей тұрғанымен, бағдарламаның қабылданғанына 13 жыл өтсе де ауылдық жерлерде кадр тапшылығы әлі де өзектілігін жойған жоқ. Ең өзекті мәселе, аудан орталығы болып отырған моно және шағын қалалар да бұл жобаның игілігін көре алмай отыр. Ауылға маман тарту мәселесін шешеміз деп, аудандағы қалалар шетте қалуда. Айталық, Жамбыл облысындағы Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы орталық ауруханасында 10-нан астам маман-дәрігер жетіспейді. Сондай-ақ мектептер мен балабақшаларға 20 мұғалім мен тәрбиешіге сұраныс бар. Жаңатас пен Шу қалаларында да дәл осындай жағдай орнаған. Бұл проблема жылдан-жылға шешілмей келе жатыр», – деді М. Төлепберген.
Оның айтуынша, еліміздегі 42 шағын қаланың 32-сі ауылдық аудандардың әкімшілік орталығы болып белгіленген. Сондықтан мемлекеттік қамқорлық тұрғысындағы қыруар қаржының тиімділігін арттыру үшін аудандардағы моно және шағын қалаларды да жобаға енгізу қажет. Екіншіден, бұл жобаның тиімділігі бойынша ведомствоаралық жұмыстың жүйесін қайта қарап, жетілдіру қажет.
Айта кетейік, 2020 жылғы 3 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде әлеуметтік қолдау шаралары жөніндегі мамандар тізбесі кеңейтілді (басшылық лауазымдарды атқаратын адамдарды қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері).
Заңды іске асыру үшін «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығы қабылданды.
Көрсетілген қағидаға сәйкес жұмысқа орналасқан ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері әлеуметтік қолдау шараларын алуға құқылы.
