Kyzylorda-news.kz. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға келген жастардың қатары жыл санап артып келеді. Өйткені, мемлекет тарапынан ауылға барып жұмыс істеуге және тұруға ниет білдірген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Бұл бағдарлама жұмыс іздеген жастарға да, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жолға қоюға да тиімді болды.

Ел келешегі өскелең ұрпақ екендігі даусыз. Жастарға қолдау көрсету мемлекеттің мызғымас қағидасынан айналғалы бері қай салада болмасын жастардың білім алуына, жұмыс жасауына айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Бұдан дейін де жас мамандар әлеуетін арттыру және олардың тұрақты жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, ауылдарға жастары тарту мақсатында 2009 жылдан бері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы  қолданысқа енгізілген болатын. Арал ауданында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көріп отырған жас мамандар аз емес. Олар өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасумен қатар мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға немесе баспанаға ие болады. 

"Дипломмен ауылға!" бағдарламасы бойынша 2023 жылы ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға бір жолғы көтерме жәрдемақы алуға 11730,0 мың теңге қаржы бөлініп 34 маманға әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылды.Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит рәсімдеуге 12 маманға 62100,0 мың теңге қаржы бөлініп, қаржылық жоспарға сәйкес бюджеттік кредит ұсыну маусым айына жоспарланған. Олар қым қуыт қала тірлігінен бір сәтте қол үзіп, өз болашағын ауылмен байланыстырды. Ауылдан бақытын тауып, отбасын құрып тұрақтап қалғандар қаншама. 

Әрине,  дипломды жас маманның арманы өзі меңгерген мамандық бойынша жұмысқа орналасу екендігі даусыз. Декек те, іздегенге сұраған деп мамандық бойынша жұмыс табу оңай шаруа емес. Алайда, «Дипломмен ауылға» бағдармасының арқасында өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, бүгінде сол ауылға сіңісіп кеткен Мәулен Албатыров ауылды таңдағанына еш өкінбейді.

–Мен қалада туып, қалада өстім. 2015 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген Аралға келдім. Ондағы ойым осында жұмыс тауып, туған жерге қызмет қылу еді. Алғашында мамандығым бойынша ұзақ уақытқа дейін жұмыс таппай жүрдім. Сонан соң Ерімбетжаға ауылына психолог маман керек екендігін естіп, көп ойланбастан ауылға тартып отырдым. Бастапқыда бөтен орта, жат жер үйренісу оңай болған жоқ. Бірақ, ауыл халқы жайдары ғой шіркін! Бірі үйіне жатқызып төрден орын ұсынды, бірі қонақ етіп құрмет көрсетті. Бас аяғы бір жылдың өзінде ауылдың бір тұрғынына айналып кеттім. Онан соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы мемлекеттен біржолғы жәрдемақы ақы алды. Бұл маған үлкен көмек болды, - деген Мәулен өзінің ауылға келіп қызмет қылғандығына дән риза екендігін жеткізді. 

Бүгінде Мәуленнің ауылдан кеткісі жоқ. Осында өзінің жеке кәсібін ашып, тұрақтап қалуды ойлап жүр. 

Ал, Анар  Еңсепова болса  туған жерге қызмет ету келген жас маман. Ол 2012 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң туған ауылы Ақпайға келіп балабақшаға тәрбиеші болып орналасқан. 

–Қалада да жұмыс жасауға мүмкінді болмады емес болды. Бірақ, мені туған ауылым өзіне тартып тұрды. Өткені мектеп бітірген соң оқуға түспей тұрып-ақ болашақта ауылға келіп жас маман атанып, жұмыс жасауды армандайтынмын. Оқу бітірген соң көп ойланбастан ауылға тартып отырдым. 2016 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылдан тұрғын үй алдым, - дейді Анар. 

Анар ауылда жұмыс жасаумен қатар осында тұрмысқа шықты. Қазіргі таңда отбасында 3 бала тәрбиелеп отырған бақытты ана.  
Осылайша, аралдық жастар жыл сайын «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шарапатын көріп, ауылдағы кадр тапшылығын оңтайлы шешуге үлес қосып, әрі өздері де тұрақты жұмысқа орналасып келеді. Бұл батыл қадам көп жастарға үлгі болуы тиіс .

Тағы да оқыңыз: