Kyzylorda-news.kz Бүгін заманның тау тұлғасы Дінмұхамед Қонаевты ұлықтау күні. Бар өмірін еліне, туған жеріне, халқына адал қызмет етуге арнады. «Әділет жеңеді, бірақ ол кешігіп жүреді», – демекші, әділеттің ақ таңы атты. Қонаев есімі ортамызға қайтып оралды. Алматы облысында өзі қазығын қаққан Қапшағай қаласына Қонаевтың аты берілді. Алып жүректі үлкен адам Қонаевтың есімі мәңгі өшпейді. Бүгін Алматыда Қонаев атындағы саябақта, Қонаевтың ескерткіші алаңында туған күн құрметіне орай, іс-шара өтті. Атаулы күнге байланысты 113 тал гүл шоқтары қойылды. 50-ден аса бейбітшіліктің ак көгершіні Тәуелсіз елдің көк аспанына ұшты. Бұл атаға деген шексіз құрмет. Сондай-ақ, Ыстанбұлда Қазақстан мәдениет және сауда орталығында Дінмұхамед Қонаевтың фото-сурет көрмесі ашылды.

Өткен шаққа көз салсам 1992 жылдың 11 қазанында Дінмұхаммед Қонаев Түркия еліне барды. Әуежай маңында қарсы алушылар Түркия үкіметінің басшылары емес, сондағы Стамбұлда тұратын қазақ қандастар. «Ақсарбас, Ақсарбас» деп айқайлап, екі қошқарды құрбандыққа шалды. Тура әуежай алаңында. Міне, Димаш атаға деген халықтың құрметі, ыстық ықыласы. Д.Қонаевтың жанында, жеке дәрігері Ахат Мүліков, жиені Дияр Қонаев, Түркиядағы қазақ телевизиясының тілшісі ретінде мен болдым.

Қазақ ағайындар көп тұратын Зейтінбурну ауданындағы Қазақ-Түрік қоғамы (Kazak-Turk Vakfı) үйінде Түркияда қоныстанған ел ағалары Халифа Алтай (құранды қазақ тіліне бірінші аударған кісі), Дәлелхан қажы (әкесі Шығыс Түркістанда қаржы министірі болған Жанымхан Жаналтайдың ұлы), әкелі балалы Тоқтабай және Фазыл Топлы, Мұхаммед Қылыш, Найман Хафыз, Шеризат Доғыру, ағайынды Жақып және Камал Добайлар, Қызырбек Ғайретұллах, Өмер Білгін, Мәнсүр Тәжи, Дәуіт Ашықкөз, Өмер Жігіт, Жақып Жан, Абдулуақап Қара, Шахмансур Деңіз және тағы басқа жүздеген азаматтар қарсы алды. Кездесу туысқандық жоғары деңгейде өтті. Д.Қонаевқа сөз берілді.

«Құрметті ағайындар, бауырлар, бүгін сіздермен қауышқаным өте разымын. Тағдыр тауқыметімен сырт елдерде өмір сүрдіңіздер. Осы кезең үшін Түрік елінің басшылығына, сол кездегі сіздерге қамқорлық жасаған премьер-министр Аднан Мендереске шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Біздің түбіміз Түрік, дініміз Ислам! Енді еліміз Тәуелсіздігін алды, көк туымыз желбіреуде, елге, Қазақстан деген Отандарыңа қайтыңдар. Ата-жұрттарың құшақ жая қарсы алады. Менің сіздерге берген ақ батам деп есептейсіздер», – деді.

Қазақ кәсіпкері Фазыл Топлы тері өңдеу зауытында әзірленген арнайы қой терісінен жасалған тонды Димаш атаға кигізді.
Бұл кездесуді бастан аяқ телевизия лентасына түсіріп, Қазақстан жаңалықтарына сол кездегі Комитет Төрағасы Шерхан Мұртазаға жіберген едім. Ал түсірген фото суреттер менің мұражайымда сақтаулы.

Сондай-ақ, Қазақ қоғамында Дінмұхаммед Қонаевты еске алу іс-шарасы өтті. Аталған іс-шарада дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Түркиядағы арнаулы өкілі, “ТҮРКСОЙ”-дың Бас кеңесшісі және де Стамбұлдағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы ретінде «Алып жүректі үлкен адам – Д.Қонаев» деген тақырыпта баяндама жасадым. Үлкен экраннан Д.Қонаевтың суреттері көрсетілді. 

Тағы бір айтқым келетіні 1992 жылы 12 қаңтарда 80 жылдық туған күнінде Дінмұхаммед Қонаевтан жеке сұхбат алғаным мен үшін тарихи құбылыс. Сол бір тарихи сәтті 5 жыл бұрын Қызылорда телеарнасынан көрсетті.

Ержан Уәйіс 2.jpg

Ержан УӘЙІС,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық Д.Қонаев қорының алқа мүшесі

Тағы да оқыңыз: