Kyzylorda-news.kz 19 қарашада Мехикодағы Palacio de los Deportes аренасында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белбеуі табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Белбеуді Дүниежүзілік бокс кеңесінің өкілдері кіші Гектор Сулейман, Хосе Антонио Арреола Сулейман, Виктор Сильва және Қазақстанның WBC-дегі өкілі Әлихан Жарылғапов табыстады.
Димаштың анасы, қазақстандық әнші Светлана Айтбаева Латын Америкасындағы концерттік сапар барысында бірқатар жағымды жаңалық болғанын атап өтті.
– Монтеррейде қазақстандық әншінің бейнесі салынған мурал пайда болса, Мехиконың орталығындағы Мексиканың көрнекті тұлғасы Венустиано Каррансаға арналған мұражайда Димаштың шығармашылығына арналған фотокөрме ашылды, – деді ол.
Сөзінше, көрмеге Қазақстанның Мексикадағы елшілігінің өкілдері де қатысқан.
Айта кетейік, Мексиканың Монтеррей қаласындағы Димаш Құдайберген бейнеленген мурал қала шегінен тыс жерлерге де танылып үлгерді. 14 қарашадағы концертінен кейін әнші осы орынға арнайы барып, достарымен бірге жанкүйерлеріне музыкалық тарту әзірледі. Алайда Қазақстан мен Мексиканың символына айналған туындының тарихы бұдан әлдеқайда ерте басталған.
Жобаға 2025 жылы жергілікті Dears Regias MTY фан-клубының мүшесі Бренда Лорена Эскамилья Мартинес бастамашы болған. Ол Монтеррей тұрғындарын Димаштың өнерімен кеңінен таныстыру мақсатында қалада әншінің бейнесі бар мурал салуды ұсынған.
Фото: dimashnews.com
