Kyzylorda-news.kz Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің “Ізгі ниет” елшісімен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі мәлім етті.
Мәулен Әшімбаев Димаш Құдайберген өзінің шығармашылығымен қазақтың ұлттық мәдениетін дәріптеуге үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Палата Спикері әншінің өнер арқылы бейбітшілік пен ізгілік идеяларын насихаттауға және халықтар мен мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға тигізіп отырған ықпалына назар аударып, бұл аса маңызды миссия екенін айтты. Сондай-ақ ол аталған құндылықтар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қағидаттарымен үндес екенін тілге етті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дінаралық және өркениетаралық диалог мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Қазіргі таңда бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осындай жағдайда рухани дипломатияның маңызы бұрынғыдан да арта түскені анық. Сондықтан бейбітшілік пен диалог мәдениетін дәріптеу аса маңызды. Бұл ретте діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың бірлескен күш-жігері айрықша мәнге ие. Осы бағытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің Ізгі ниет елшілері маңызды рөл атқарады. Сіз алдағы уақытта да өзіңіздің шығармашылығыңызбен және креативті жобаларыңызбен бейбітшілік пен келісім идеяларын халықаралық деңгейде ілгерілетуге зор үлесіңізді қоса бересіз деп сенемін, – деп, Мәулен Әшімбаев Димаш Құдайбергенге Съездің Ізгі ниет елшісі төсбелгісін табыс етті.
Кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі мен Жас діни лидерлердің II форумына дайындық барысы, Съезд тұжырымдамасын іске асыру мәселелері және осы бағыттағы бірлескен жобалар талқыланды.
Фото: ҚР Парламентінің Сенаты