Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, күн тәртібіне сәйкес «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселесі мен аудан көлемінде цифрландыру бағытында атқарылатын жұмыстар пысықталды.

Қазір цифрлық технологияларды экономиканың барлық саласына, мемлекеттік басқару жүйесіне, білім беру және денсаулық сақтау салаларына кеңінен енгізу маңызды екенін айтқан аудан басшысы бұл жұмыстың әсіресе ауыл шаруашылығы құрылымдары мен өнеркәсіп кәсіпорындарында өнімді арттыру үшін заманауи технологияларды қолдану қажеттігін ескертті. Осы бағытта жауапты басшыларға бекітілген жұмысты күшейту тапсырылды.

Бұдан бөлек аудан аумағында коммуналдық қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарға да назар аударылды. Облыс көлемінде «ҚазақГаз Аймақ» акционерлік қоғамының «Ақыл Энерджи» цифрландыру жобасы аясында тұрғын үйлердегі механикалық газ есептегіштерді жаңа ақылды есептегіштерге ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа есептегіштер газ шығынын автоматты түрде есептеп, көрсеткіштерді қашықтан беруге, сондай-ақ тұтынушыларға газ тұтынуын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ауданымызға да бұл жұмыстарды қазірден бастау қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ тұрғындар үшін интернет сапасын жақсарту негізгі міндет. Қазір аудан бойынша 4 мыңға жуық абонент интернет қызметін тұрақты пайдаланып отыр. Бұл бағытты тұрақты бақылауда ұстап жүрген Жандос Еркінбек елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстарын жандандыру керектігін тапсырды.

Бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде еліміздң барлық аймағында «Жастар практикасы», «Бастау бизнес» жобасы аясында жақсы мүмкіндіктер қарастырылған.

Осы орайда ауыл жастарынан бастап, жұмыспен қамту саласындағы барлық көрсеткіштердің орындалуын толық қамтамасыз ету тапсырылды.

Мәжіліс барысында ауданның санитарлық тазалығы, әлеуметтік нысандардың сыртқы келбеті және жылу беру маусымына дайындығы да назардан тыс қалмады.

«Тазалық – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Туған жеріміздің таза әрі көрікті болуы әрқайсымыздың күнделікті жұмысымыздан басталады. Сондықтан елді мекендердің тазалығын сақтап, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз қажет», – деп атап өткен Жандос Еркінбек көтерілген барлық мәселелер бойынша жауапты басшыларға бірқатар міндеттерді жүктеп, оның орындалуын бақылауға алуды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: