Kyzylorda-news.kz. Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Сайыров «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұхбатында мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы келісім-шартты сынады. Оның айтуынша, соңғы 30 жылда жасалған келісім-шарттарда ел мүддесі ескерілмеген.
«Назарбаев билігі кезіндегі барлық келісім-шарттарда инвесторлардың барлық құқы сақталған, ал Қазақстан мемлекетінің тек міндеттері ғана көрсетілген. Сондықтан Үкімет, тиісті министрлік пен әкімдіктің мұндай кәсіпкерлерге тісі батпай отыр. Себебі келісім-шартта еліміздің ұлттық мүддесі қарастырылмаған», дейді депутат.
Алайда Ерлан Бияхметұлы заңды бұзған инвесторды жазалаудың өзге жолы барын айтты. Ол үшін халықаралық аудиторлық ұйымдар мен сот жүйесіне жүгіну қажет екен.
«Екі мәселе бар. Алдымен барлық келісім-шартқа ревизия жасау қажет. Яғни, 1990 жылдардан бастап жасалған келісім-шарттң бәрін тексеру керек. Егер сол келісім-шартта Қазақсатан мүддесі сақталмаған болса, әр компания бойынша жеке іс дайындау қажет. Зауыттардан қанша қаржы жымқырылғаны, экологиялық зардап пен салықтан жалтару жағдайларын саралап, халықаралық аудиторлық компанияларға жүгіну қажет. Сол арқылы халықаралық юрисдикция шеңберінде кінәлі азаматтарды сотқа беру керек», — дейді депутат.
Е.Сайыров заңсыздыққа жол берген қазақстандық лауазымды тұлғалар да жазасыз қалмауы қажет екенін айтты.
«Мемлекет мүддесін сатқан, келісім-шартқа қол қою кезінде халық мүддесін елемеген азаматтар жазасын алу қажет», — деді ол.
Сонымен қатар депутат келісім-шартты біржақты тәртіпте бұзу Қазақстанға зиян келтіруі де мүмкін екенін жасырмайды. Себебі инвасторлар елімізді халықаралық сотқа беруі мүмкін екен. Сол үшін саясаттанушы юрисдикция шеңберінде мемлекет мүддесін қорғаудың жаңа дүйесін жасауды ұсынды.
