maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев Қармақшы ауданында іссапармен болып, мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Кездесуге аудан әкімі Жандос Еркінбек, кент, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары және мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Жиында департамент басшысы мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру бойынша бірнеше нақты ұсыныстарын білдіріп, пайымды пікірлерін ортаға салды.

– Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру және мемлекет дамуына сапалы үлес қосу бағытында кешенді жұмыстар жасалуда. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт өмірі бәрінен қымбат. Осы себепті мемлекеттік қызметшінің қызметі – туған елі мен халқына адал еңбек етуімен бағаланады. Қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 3 318 бірлікті құраса, онда жұмыс істейтін 3 232 қызметкер бар. Мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдіріп отыру өте маңызды. Тиісінше, осы жылы жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарда қызмет ететін 804 қызметшінің білімін жетілдіру жоспарлануда, – дейді Ерлеген Жәрдемұлы.

Сондай-ақ, жиын барысында аудан бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі жоғары екендігін жеткізіп, сала мамандарының жүйелі жұмыстарын атап өтті.

Аудан әкімі өз кезегінде Қармақшы ауданына арнайы келіп, мемлекеттік қызметшілермен жүздесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген департамент басшысына ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Одан кейін, департамент басшысы аудандық жастар ресурстық орталығында белсенді жастармен кездесу өткізді. Оларға мемлекеттік қызмет атқарудың маңыздылығы мен мемлекеттік қызметке орналасу ережелерін түсіндірді.

Ресми кездесулерден кейін департамент басшысы белсенді жастармен үстел теннисін ойнап, олардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды пайдалану бағытындағы жұмыстардың жайымен танысты.

Сондай-ақ, іссапар соңында аудан әкімдігінде азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, олардың мәселелерін мұқият тыңдап, нақты жауаптарын берді.

Тағы да оқыңыз: