Kyzylorda-news.kz. Дәрігер мамандығы бүкіл адамзат жан дүниесінің өшпес абзал құбылыстарын бақылау мен бағалау – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті талап ететіні сөзсіз.

Осы талап үдесінен абыроймен шығып келе жатқан ақ халатты абзал жанның бірі әрі бірегейі №3 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ахмет Ләйлә Кенжебайқызы.

Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Бүгінгі таңда Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда.

Осындай жауапты қызметте ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан дәрігердің бүгін мерейі үстем болды.

Ләйлә Кенжебайқызы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Айтулы марапатты медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне арналған шарада облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов салтанатты түрде табыстады.

Ахмет Ләйлә Кенжебайқызы 1969 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетін бітірген. 1992 – 1993 жылдар аралығында Қызылорда қалалық ауруханасында интернатурадан өткен. Еңбек жолын 1993 жылы Қызылорда қалалық №1 емханасында аймақтық терапевт дәрігері қызметінен бастаған. Жұмыс жасау барысында Қазалы аудандық емханасында аймақтық терапевт, кардиолог дәрігері, Қазалы аудандық психоневрологиялық интернатының директорының орынбасары, Қазалы ауданының «Жалаңтөс» дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері, «Болат жолы» ауылдық емханасының бөлім меңгерушісі, Қазалы аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы, бастапқы медициналық санитарлық қөмек көрсету бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2017 жылдың мамыр айынан бастап емхананың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.
Жоғарғы санатты денсаулық сақтауды ұйымдастырушы дәрігердің еңбек өтілі 27 жылдан асады.

«Қоғамдық денсаулық сақтау», «Денсаулық сақтау менеджменті» тақырыбында қайта даярлаудан өткен. «Менеджмент и экономика в здравоохранении», «Амбулаторлық-емханалық деңгейде кешенді адам басына шаққандағы нормативті енгізу», «Халыққа амбулаторлық-емханалық көмек көрсетудің өзекті мәселелері», «Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негіздері», 2016 жылы «Менеджмент и экономика в здравоохранении. Польша мемлекетінің Люблин қаласында» біліктілігін жетілдірген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хатымен, ҚР денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық, қалалық филиалдарының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Денсаулық сақтау ісінің үздігі Ләйлә Кенжебайқызы сізді төл мерекемен және мәртебелі марапатыңызбен құттықтаймыз! Ерен еңбегіңізге, мейірімді жүрегіңізге алғысымыз шексіз. Еңбегіңіз халыққа қуаныш сыйлай берсін. Отбасына амандық, деніңізге саулық, күш – жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілей отырып, кәсіби біліктілігіңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіз.

Тағы да оқыңыз: