Kyzylorda-news.kz ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев өңірге жұмыс сапары барысында Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласындағы бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен танысты.
Фракция мүшелері алдымен жылжымалы медициналық кешенмен танысты. 2023 жылдың қазан айында «Qazaqstan halkyna» қорының қолдауымен Қызылорда облыстық онкология орталығына жоғары технологиялы жылжымалы медициналық кешен табысталған. Оның құрамында 128 срезды компьютерлік томограф, томосинтез функциясы бар цифрлық маммограф, сарапшылық деңгейдегі УДЗ аппараты бар.
Кешен 12 білікті маманмен қамтылған және шалғай елді мекен тұрғындарына тегін КТ, маммография, УДЗ тексерулерінен өтуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың қараша айынан бері 74 іссапар ұйымдастырылып, 7 190 адам тексеруден өткен.
Мұнан соң халық қалаулылары қан орталығында болды. Бүгінде қан орталығы облыс орталығындағы және 7 аудандағы 17 медициналық ұйымды қан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Жыл сайын 13 мыңнан астам тұрғын донор болуға ниет білдірсе, олардың 10 мыңнан астамы қан тапсырады.
2024 жылдың шілде айынан бастап қан орталығы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан, құны 2,7 млрд теңге болатын жаңа ғимаратқа көшірілді. Жалпы аумағы 2,4 гектарды құрайтын бұл нысан санитарлық талаптарға толық сәйкестендірілген. Сонымен қатар, орталық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл трансфузиялық терапияның сапасын арттырып, қан қауіпсіздігін халықаралық стандарттарға сай қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Мәжіліс депутаттары бұл нысандардың өңір тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтіп, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту халықтың өмір сапасын арттыруға тікелей әсер ететінін жеткізді.

