Kyzylorda-news.kz. Корей этносының өкілдері Қазақстанға 85 жыл бұрын қоныс тепкен. Бұл туралы Қызылорда облыстық «Қазақстан корейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Денис Пак айтты.
«Сыр өңірі корей этносының өкілдері үшін өте қымбат. Сыр жұртшылығы депортация кезінде Қиыр Шығыстан келген корей ұлтына пана болды. Жергілікті тұрғындар қиын кезеңде сүйеу болып, көп көмегін тигізді. Корейлер қазақ даласында 85 жылдан астам уақыттан бері тұрып келеді. Қарияларымыз келешек ұрпаққа бірлік пен ынтымақты сақтауды өсиет етіп қалдырады. Өйткені барлығымыз бір аспан астында тұрып жатырмыз, бұл ел дамуына үлес қосатын үлкен құндылық. «Қазақстан корейлері қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің мүшелері корей ұлтының мәдениетіне қызығатын кез келген қонақты қарсы алуға әзір. Мейрам, фестиваль, байқау, концерт пен кездесулер кезінде өз қонағымызды төрге шығарамыз», - дейді Денис Пак.
Корей этномәдени бірлестігі ұлтаралық достық пен келісімді нығайтуға көп көңіл бөліп келеді.
«Корей этномәдени бірлестігінде ана тілін және мемлекеттік тілді меңгеруге, дәстүрлі өнерді дәріптеуге, өскелең ұрпақтың бойында мәдени құндылықтар мен қазақы патриотизмді қалыптастыруға, ұлтаралық достық пен келісімді нығайтуға көп көңіл бөлінеді. Біз аймақтағы басқа этномәдени бірлестіктерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Біздің барлық іс-шараларымыз Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен өткізіліп келеді. Этномәдени бірлестіктің ұйымдастыратын шаралары бірлікке бағытталған. Себебі, біздің міндетіміз – республикадағы бейбітшілікті, тұрақтылықты, келісімді сақтауға бар күш-жігерімізді салу. Қазақстан аумағында көптеген этностар тұрады. Бірақ біз бәріміз бір халықпыз, бізді қазақстандықтар деп атайды. Біз бір шаңырақ астында ортақ тарихи тағдыр біріктірген халықпыз. Соның арқасында біз сенімді түрде алға жылжып келеміз», - дейді Денис Пак.

