Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық шешен этномәдени бірлестігінің белсендісі Дени Лалуев кешегі өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты өзінің пікірін білдірді. Ол саяси науқанда өзінің азаматтық белсенділігін көрсеткенін айтты.
«Мен бірінші рет президенттік сайлауға қатыстым. Анаммен бірге өзіміздің белгіленген сайлау учаскісіне барып, алғаш рет қолыма бюллетень алып, өз таңдауымды жасадым. Бұл мен үшін өте маңызды, әрі жауапты күн болды. Өзімнің азаматтық белсенділігімді көрсете білдім. Алғашқы рет дауыс беруші ретінде сыйлық алдым. Бұл күн есте қалары сөзсіз», - дейді Дени Лалуев.
Белсенді жас елдің өркендеуіне ат салысып, туған жердің гүлденуіне үлес қосып, Әділетті Қазақстан құрылуы жолында ерінбей еңбек ететінін айтты.
«Қазақстаным гүлдене берсін!», «Бірлік, ынтымағымыз берік болсын!» деп анам жиі тілегіне қосады. Мен де еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болатынына сенемін. Сол мақсатта аянбай еңбек етіп, өз үлесімді қосатын боламын. Елдің ертеңі біздер, яғни, жастардың қолында десек, біз әрқайсысымыз елдің ертеңі үшін тірлік жасауымыз қажет. Мен бұл сайлауда өз таңдауыма күмән келтірместен, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс бердім», - деді белсенді жас.

