Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Токио Олимпиадасына қатысқан қызылордалық спортшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбаймен кездесті.

Аймақ басшысы Сыр жұртшылығы атынан Олимпиада ойындарында қола жүлдені жеңіп алған Қамшыбек Қоңқабаевты құттықтап, Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбайға ел намысын қорғағандары үшін алғысын білдірді және спортшылардың жеңісі Тәуелсіз Қазақстанның жүлде тайқазанына сырбойылықтар атынан олжалы сый болғанын атап өтті.

«Екі апта бойы барша облыс халқы аламанға үкілеп шығарып салған үміттерінің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа аттанған ұл-қыздарымыз сенімді ақтады! Ал Қамшыбектің алтынға бергісіз қола жүлдесі –  талай бүлдіршіндердің қиялына қанат бітіріп, Сыр халқының көптен күткен асыл арманын жүзеге асырды. Ел Президентінен Мемлекеттік Туды алу қашанда үлкен мәртебе, зор сенім! Бұл міндетті жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев абыроймен ақтап, байрағымызды Олимпиада төрінде желбіретті. Алдағы уақытта да Сыр спортшылары еліміздің Көк Туын халықаралық ареналарда желбірете берсін деген ізгі ниетімізді білдіреміз», – деді облыс әкімі.

Биыл Сыр спортшылары толайым табыстарға қол жеткізуде. Жыл басынан жерлестеріміз ел біріншіліктерінде 700 медаль жеңіп алса, Әлем, Азия чемпионаттарында 46 медальға қол жеткізді.

Кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел намысын абыроймен қорғап шыққан Қамшыбек Қоңқабаевқа автокөлік кілтін, Олимпиада ойындарының қатысушылары Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбайға және Қамшыбек Қоңқабаевтың бапкері Сейітжан Төкеновке 1 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Елдің рухы мен мәртебесін көтерген спортшыларға «Dalatex» ЖШС-нің басшысы Ділмұхамед Абизов, «Нұрлен» ЖШС-нің басшысы Қайрат Боранбаев, «Мелиоратор» ЖШС-нің басшысы Бердібек Мыханов және «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-нің басшысы Әділ Бижанов есімді Сыр бойылық меценат азаматтар демеушілік жасап, қолдау көрсетті.

Одан бөлек, шарада Спорт күні кәсіби мерекесіне орай №4 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Владимир Лептиков пен Қ.Мұңайтбасұлы атындағы спорт клубтың директоры Жамал Бозоваға ҚР Мәдениет және спорт министрінің төсбелгісі мен Құрмет грамотасы табысталды.

Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен жеке бапкері Сейітжан Төкенов спортшыларға көрсетілген қолдауға ризашылығын білдіріп, алдаға уақытта да жеңіс төрінен көріну үшін жұмыс жасайтынын айтты.

Сондай-ақ, жиында ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин Қамшыбекті жеңісімен құттықтап, Мөлдір мен Дәулетке алдағы сайыстарда сәттілік тіледі және әріптестеріне кәсіби мерекелеріне орай ізгі тілегін арнады.

Тағы да оқыңыз: