Kyzylorda-news.kz  Қай мемлекеттің болсын экономикалық әлеуетінің басты тірегінің бірі – салық екені белгілі. Мемлекеттің материалдық мүддесі мен қоғамдық өмірі де осы салада тоғысады.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында экономиканың тұрақты өсуі – салық саясатына тікелей байланысты екендігін атап өтті. Осы орайда, биыл жаңа Салық кодексін халыққа түсінікті, қолдануға ыңғайлы  әрі жеңіл  болатындай етіп әзірлеуге арнайы тапсырма берді. Жалпы, кірістер органдарының басты мақсаты – салықтар мен міндетті төлемдердің бюджетке мерзімінде және толық түсірілуін қамтамасыз ету, «көлеңкелі» экономиканы болдырмауға қызмет жасау, қоғамдағы салық мәдениетін көтеру және сапалы мемлекеттік қызмет көрсету.    

Осы ретте Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті көлеңкелі экономика деңгейін төмендету мақсатында салық базасын ұлғайту және түсімді арттыру, салықтық және кедендік әкімшілендіру бағытындағы  жұмыстарды үлейстіру бағытында бірқатар жұмыстар атқарып келеді.

Мәселен, осы жылдың І тоқсанында мемлекеттік бюджеттің салықтық түсімдерінен бекітілген жоспардың орындалуы 104,3% құрап, 3 млрд.  теңгеге артық орындалған.

Бюджеттер кесіндісінде РБ салықтық түсімдерінен бекітілген жоспардың орындалуы 99,2% болса (47,0 млрд.тг жоспарда бюджетке нақты 46,6 млрд.тг өндірілді), ЖБ салықтық түсімдерінен бекітілген жоспардың орындалуы 114,3% құрады (24,1 млрд.тг жоспарда бюджетке нақты 27,5 млрд.тг өндірілді).

− Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МБ салықтық түсімдерінің өсу қарқыны 130,8% құрап, 17,5 млрд теңгеге артты. Бюджеттер кесіндісінде РБ салықтық түсімдерінің өсу қарқыны 127,4% құрап,  10, млрд. теңгеге  артса, ЖБ салықтық түсімдерінің өсу қарқыны 137,1% жетіп  7,4 млрд.тг артты, − деді Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков.

Белгілі болғандай Салық Кодексінің 71 тарауында Жалпыға бірдей декларациялауды 4 кезеңге бөліп табыс ету міндеттілігі көзделген.

Бірінші кезекте – мемлекеттік  қызметкерлер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсырса,   екінші кезеңде – мемлекеттік  мекеме қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор субектілері және олардың жұбайлары тапсырды. Үшінші кезең осы жылдың қаңтар айынан басталды. Оны жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың жетекшілері және олардың жұбайлары табыс ету міндеттеліп отыр.

Декларациялаудың төртінші кезеңі 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталатын болады. Оны  Қазақстан Республикасының 18-ге толған азаматтарынан бастап халықтың қалған бөлігі тапсыруы тиіс.

−Кейін жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00-нысан) ұсынылады. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті−әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, −дейді Еркін Кеңесұлы.

Биылғы жылға жалпыға бірдей декларациялаудың бастапқы 250.00. «Активтер мен міндеттемелер» туралы декларацияны жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары – жалпы  80511 тұлға жұбайларымен қоса алғанда табыс ету міндеттілген. Бүгінгі күні оның 12 мамырдағы мәліметке сәйкес 33 308 тұлға табыс еткен, яғни 41,4 % құрайды. Қалғаны 47201 тұлға.

Декларацияны осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.

Егерде декларацияны тапсырмаған жағдайда бірінші ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзатын болса – 55 380 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл төлейтін болады.

Фото: baigenews.kz

Тағы да оқыңыз: