Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сенатта Қызылорда облысының күндері өтті. Делегацияны бастап келген Қызылорда облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақановқа Сенат спикері өз ақылын айтты. 

Жақында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстық қоғамдық кеңес алдындағы есебінде қаладағы «Қорқыт Ата» әуежайының кұрылысы биыл басталатынын айтқан. 

Енді Сенатқа келген облыс әкімінің орынбасары басында бұл жоба 19 миллиард теңгеге бағаланғанын, алайда аймақ үшін бұл ақша көп екенін айтты. Енді жоба қайта қаралады екен. 

– Конкурста жеңіске жеткен «BI Civil Construction» ЖШС компаниясы өз қаржысы есебінен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі. Нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Қазір жобаның құнын қарастырып жатырмыз. Біз олардан бұл жоба 14 миллиард теңгеден аспауы керек деп айттық. Бұл біздің аймақ үшін тиімсіз. Компания енді жабдықтарды басқа материалдарға ауыстыруды қарастырып жатыр. Жақын арада нақты шешім қабылдаймыз. Кейін мәселелер туындамас үшін халықтың талқысына салып, ақылдасамыз, – дейді Бақыт Жақанов. 

Оның айтуынша, биыл 29 наурыздан бастап Ресейдің «Аэрофлот» компаниясы халықаралық  «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» бағыты бойынша аптасына 4 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі күндері) екі арада әуе қатынасын бастайды. Ал жазда БАӘ, Түркияға ұшатын чартерлік рейстер ашылады екен. Қазіргі әуежай техникалық жағдайларды қамтамасыз ете алмайды, халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді.

Ал Сенат спикері Дариға Назарбаева Қызылорда облысындағы жаңа әуежай құрылысының сапасына назар аударуға кеңес берді.

– Бәріміз де Қызылорда қаласында жаңа әуежай салу идеясын қолдаймыз. Тек жобаға мұқият қарауымыз керек. Сметалық құжаттарын дұрыстап қарап, сараптама жүргізу қажет. Сол кезде сұрақтар туындамайды. Сосын үнемдейміз, сапасыз заттарға ұрынып қалмаңыздар. Ең дұрысы, бір рет сапалы түрде қымбатқа салып, ұзақ пайдаланған тиімді болады-ау. Әйтпесе, арзанның құны татымас. Келесі жылы қайта жөндеу жұмыстарын жасап жүрмеңіздер. Бұл жерде сапасыз құрылыс адам өміріне әсер ететінін де ұмытпаңыздар, – деді Дариға Назарбаева.

BAQ.KZ

Тағы да оқыңыз: