Kyzylorda-news.kz Астанада балаларға арналған тегін үйірмелер мен секцияларға жазылуға мүмкіндік беретін Damubala цифрлық платформасындағы ақау он айдан бері шешілмей отыр. Электронды кезектің жойылуы салдарынан көптеген балалар заңды құқығын пайдалана алмай, шығармашылық және спорттық үйірмелерге бара алмай қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қосымша білім беру қызметін ұсынушы кәсіпкерлер миллиондаған шығынға батқанын және мемлекеттік бағдарламаға деген сенімнің әлсірегенін айтады.

Кәсіпкерлер кездесуі барысында ваучерлерді "қолмен" бөлу кезінде жемқорлыққа жол берілген болуы мүмкін деген күдік те айтылды.

"Бізге дейін белгісіз адамдар хабарласып, әрбір ваучер үшін 10 мың теңге төлеу арқылы оны алуға болатынын ұсынды. Біз келіспедік, олар кім екенін білмейміз, бірақ мұндай қоңыраулар барлық орталықтарға түсті", – деді балаларды дамыту орталығының жетекшісі Яна Чигарюкова.

Дағдарыс өткен жылдың қарашасында Damubala жүйесіндегі техникалық ақаудан басталды. Сол кезде платформа электронды кезекті толығымен жойып, мыңдаған баланың деректерін жоғалтқан. Бұдан кейін жергілікті билік ваучерлерді "қолмен" таратуға көшті.

Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл тәсіл мүлдем ашық емес. Мәселен, бір білім беру орталығының директоры алты айда 69 ваучер жоғалтқанын, бұл 6-9 миллион теңге шығынға тең екенін айтты.

Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясының басшысы Светлана Дюсетаева мәселені техникалық қиындықтармен түсіндіреді.

"Техникалық көшу біраз күрделі, себебі цифрлық деректер жоғалып кетуі мүмкін. Damubala-дан дайын деректер базасы берілген жоқ. Біз кезекті скриншоттар мен жеткізушілердің ұсынған деректері арқылы қалпына келтіруге мәжбүр болдық", – деді Светлана Дюсетаева.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: