Kyzylorda-news.kz  Оқушылар мен студенттерге рухани-адамгершілік тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарымызбен сусындату бағытындағы «Даму lift» жобасы «Анаға тағзым» орталығында әр аптаның сейсенбі-бейсенбі күндері жүргізілуде.

Шәкірттерді қала тазалығына үлес қосып, еңбекке баулу мақсатында қаладағы Жалаңтөс Баһадүр және Мұхтар Әуезов ескерткіштеріне абаттандыру жұмыстары жасалды. «Киелі мекен» апталығы аясындағы игі шараға І.Қабылов атындағы мектеп-лицей мен Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-гимназиясы және Ж.Қизатов атындағы мектеп-лицей оқушылары қатысып, ескерткіш маңын абаттандыруда белсенділік танытты.

Ал орталық базасында өткен шеберлік сағаттары мен тренингтерге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті студенттері мен Абылай хан атындағы мектеп оқушылары қатысты. Дәрістер аясында олар асық, ләңгі тебу, садақ ату сынды ұлттық ойын түрлерін ойнап, орталық алдына гүл екті. Өсімдіктерді баптау әдісімен кеңірек танысты.

Ал өткен аптада «Даму lift» жобасы аясында студенттер және оқушылар тазалық, тәртіп, мәдениет тақырыптарын кеңінен талқылады. Әр клуб, студия өз бағытына сай қатысушылармен еркін форматта тренинг, арт-терапия, дебат, пікірталас өткізді.

«Таза Қазақстан: Мен қалай көмектесе аламын?!», «Тазалық өзіңнен басталады», «Экология және біз» тақырыптары бойынша жасөспірімдер өз ойларын білдіріп, республикалық акцияның мән-маңызына тоқталды. Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты таза ұстау әркімнің өз үйінен бастау алатындығын айтқан шәкірттер экологиялық акцияның еліміз үшін, болашақ үшін аса қажеттігін ұғынды.

Айта кету керек, қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту, қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру қашанда маңызды.

 

Фото: https://farabishakirti.kz

Тағы да оқыңыз: