Kyzylorda-news.kz. Дала өрттері – табиғи өрттердің негізгі түрлері жасыл желектің, орманның, орманды даланың және даланың өртенуі. Өрт – тілсіз жау және барлық апаттың бастауы. Ол экономикаға үлкен материалдық шығын келтіріп, адамдардың өміріне қауіп төндіретін болғандықтан оған немқұрайлықпен қарамауымыз қажет. Осы орайда Қазалы ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі мамандары әлеуметтік желі арқылы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Өрт жаздың қатты ыстығында, ұзақ уақыт жауын жаумай, құрғақшылық болған кезде жиілеп, орманды және дала алқабының өртенуіне шөптің өздігінен жануы басты себеп болады. Мұндай өрттің дами түсуіне күшті жел тіпті әсер етеді. Дала өртінің 80 пайызға жуығы тұрғындар еңбек етіп жатқан немесе дем алып жатқан жерлерінде от қауіпсіздігін сақтамауынан болады. Нәтижесінде даладағы өрт аудандарға жайылып, елді мекендерге қауіп төнеді. Кейде дала өртінің ауылға немесе басқа да елді мекендерге тақап келетін сәттері де болады. Мұндайда ең бастысы – тұрғындардың негізгі бөлегін, әсіресе, балаларды, қарттар мен әйелдерді көшіру. Адамдарды шығару, жаяу болсын, көлікпен болсын оттың жайылу бағытына перпендикуляр жүргізіледі.
Ауыз бен мұрынды ылғалды мақта-дәке таңғышпен, орамалмен, жаулықпен көлегейлеп алған дұрыс. Құжаттарды, ақша мен аса қажет заттарды алуды да ұмытпаңыз. Сонымен қатар дала өрттері от ұшқындарын сөндіргіші болмауынан, автотрактор техникасының электр жабдығының жарамсыздығынан, тасталған шылым қалдығы мен шырпының толық сөндірілмеуінен де болады.
Дала өрттерін болдырмау үшін ұйымдардың, шаруашылық қожалықтарының басшылары жұмысшылармен қол қойдыра отырып, өрт қауiпсiздiгi шаралары және іс-әрекеттері туралы нұсқаулықтар жүргізіп, ақаулы техникамен жұмыс істеуге тыйым салып, тракторды зауыттан шыққан от ұшқындарын сөндіргіштермен жабдықтап және өрт сөндірудің бастапқы құралдарымен қамтамасыз ету қажет.
Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ауыл шаруашылығына жарамды жерлерде шабылған егістің орнын өртеуге тыйым салынады. Оттың көрші аумақтарға, отырғызылған орман ағаштарына жайылуын болдырмау үшін жер учаскелері жер үлестерге бөлініп, шектелген жерлері жыртылуы қажет. Дала өрттерін уақытылы сөндіру олардың ерте анықталғандығына және өрт сөндіру қызметіне немесе ауылдық округ әкімдеріне хабарлануына байланысты.
Сондықтан біз ауданның барлық тұрғындарын далалық өлкелерде өрт тұтануларды байқағанда ауылдық округ әкімдеріне немесе өрт сөндіру қызметіне хабарлауды сұраймыз, ал тұтанудың шағын ошақтарында өздігінен қол астындағы құрал-жабдықтармен сөндіру шараларын қолдану керек.
«Дала өрттеріне жол бермеу үшін далада отты барынша абайлап қолданып және мұны басқалардан да талап етіңіздер. Өрт қауіпі кезінде далада от жақпаңыздар, сөндірілмеген темекі тұқылдарын және сіріңкелерді тастамаңыздар. Дала өрттері пайда болғаны жөніндегі ақпаратты өрт сөндіру қызметіне (101) уақытылы хабарлаңыз», – дейді Қазалы ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі мамандары.