Kyzylorda-news.kz. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында өзара сауда-саттықты одан әрі ырықтандыру, кедергілер мен шектеулерді реттеу жөніндегі жұмыстарды жандандыруды ұсынды.
Тоқаев өз сөзінде қазіргі дағдарыстың анағұрлым ұзаққа созылатынын және қиынға соғатынын атап өтті.
“Осы жағдайда біздің негізгі басымдығымыз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың табыс деңгейін және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Бірақ бұған сауда-экономикалық қатынастардың барлық кешенін қайта жаңғыртпай, қол жеткізу мүмкін емес. Өзара сауда-саттықты одан әрі ырықтандыру, кедергілер мен шектеулерді реттеу жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет.”, – деді Тоқаев ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында.
Оның айтуынша, инвестиция тартуға, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалануға, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге, өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға баса мән беру керек.
“Бүгін біз ТМД-ны әрі қарай дамыту бойынша жаңартылған тұжырымдаманы қабылдаймыз. Бұл құжат біздің ынтымақтастығымыздың алдағы уақыттағы стратегиялық бағыттарын айқындайды”, – деді президент.
Мемлекет басшысы қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісімді және оның әр мемлекетке нақты пайда әкелетін инвестициялар жөніндегі негізгі бөлімін келісуді аяқтаудың маңыздылығына назар аударды.
