Kyzylorda-news.kz. Қызылордада Достық үйінің мәжіліс залында 24 мамыр - Славян жазуы мен мәдениеті күні аталып өтті. 

Айта кету керек, Славян әліппесінің пайда болғанына мың жылдан асты. IX ғасырда ағайынды Кирилл мен Мефодий құрған әліппе бүгінде көп халыққа қызмет етуде. Олар ойлап тапқан әліппе ағартушы Кирилл құрметіне «кириллица» деп аталған болатын.
Шарада алғы сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров бұл күннің маңыздылығына тоқталып өтті.

«Славян жазуы мен мәдениеті күні 24 мамыр жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда аталып өтіледі. Көпмәдениетті Қазақстандағы славян жазуы мерекесі өзінің ерекшелігі мен маңыздылығына ие. Кітап оқуға деген сүйіспеншілік және білімге деген ұмтылыс әрқашан адамзат дамуының шешуші факторы болып табылады. Қазақстандағы славян мәдениеті өзінше бірегей және ерекше, өйткені ол полиэтностық жағдайда қалыптасты. Айта кету керек, «Славян» орталығы облыстың белсенді этномәдени бірлестіктерінің бірі болып табылады. Бірлестік 25 жылдан астам әртүрлі форматтағы көптеген іс-шараларды өткізіп келеді. Мерекелеріңіз құтты болсын! Достық, бірлік, келісімді сақтау мен нығайту жолында сіздерге табыс тілеймін», – деді Дәулет Омаров.

Шарада славян әліппесінің құрылу тарихы жайлы да айтылды. Қонақтар бірлестіктің белсенді жастары әзірлеген көріністі тамашалады. Өлеңдер оқылып, ән шырқалды, қызықты деректерге толы бейнероликтер көрсетілді. Келген қонақтар арасында викторина жүргізіліп, бірнеше сұрақтар қойылды. Қатысушылар әрбір қойылған сұраққа белсенді түрде жауап берді. Ж. Нұрманов атындағы №198 мектеп оқушылары әсем ән шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңында «Славяне» қоғамдық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, Грамота табыстады.

Тағы да оқыңыз: