Kyzylorda-news.kz. Жаз мезгілі – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсандық кезеңдердің аяқталуына орай берілетін күндер демалыс болып есептелінгенімен жаз кезіндегідей мол мүмкіндік бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының физиологиялық тұрғыда дамуына, сана-сезімдері мен дүниетанымдық көзқарастарының жетілуіне жол ашатын уақыт десек, еліміздің түкпір-түкпірінде балалар үшін жазғы демалыстың мәнді мағыналы өтуіне жұмыс істейтін лагерьлердің жылма-жыл көптеп ашылуы көңілге қуаныш ұялатады.

Балалар үшін игілікті жұмыс істеп келе жатқан сондай демалыс орны – мектеп жанындағы күндізгі лагерьлер десек, аудандағы білім шаңырақтары жанынан оқу жылы аяқталысымен ашылып, өз жұмысын бастайтын күндізгі лагерь демалушыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өзара достық қарым-қатынасты нығайтып, балалар бойындағы білім мен тәжірибенің ұштасуына Оқушылар үйінің дәстүрлі «ЖАЗ» бағдарламасының көп жылдардан бері қосып келе жатқан үлесі мол. 

Барлық балалардың табиғи дарындарының бар екені және ол дарындардың демалуы үлкендердің бала өмірі мен іс-әрекеттерін ұйымдастыруына байланысты екені белгілі десек, оқушылар үйінің «ЖАЗ» бағдарламасы биылғы жаз кезінде мектеп оқушыларының жазғы демалыс сәттерінің мазмұнды өтуіне үлгілі үлес қоса отырып, балалардың ой ұшқырлығын дамытып, туған жерге деген сүйіспеншілігін оятып, шығармашылық тұрғыда дамып, өнегелі азамат болып қалыптасуына, салауатты өмірді ұстануына арналған бағыттар бойынша оқушылар арасында іс-шаралар ұйымдастырылып, өз жұмысын жүргізді.

Атап айтар болсақ, «Алақай! Бізде жазғы демалыс», «Мемлекеттік Рәміздер – Ұлттық мақтанышымыз», «Отбасым – бақыт мекенім», «Қалдық заттардың екінші өмірі», «Туған жерім – татулықтың белгісі» атты сурет, құммен сурет және қолөнер байқауларында күндізгі лагерь тынығушылары өз шеберліктерін көрсете білсе, «Кубик-рубик» текшесін жинақтау «Тақта үстіндегі бұрыш», «Мен – чемпионмын» атты жарыстар мен «Алтын көмбе» квест ойыны, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атты эстафеталық ойындарында шеберліктерімен таныла білді.

Сондай-ақ, өнер бағытындағы «Күй күмбірі», «Зерек бала», «Ғажайып би әлеміне саяхат», «Бақытты балалық шақ», «Ақиық ақын М.Мақатаевтың өлеңдерін жатқа айту» тақырыптарындағы ән, би, өлең оқу сайыс¬тары мен байқауларында балалардың шығармашылық қабілеттері айшықталса, «Мен өмірді сүйемін» атты бейнеролик байқауында демалушы балалардың өмірге деген көзқарастарының кереметтей ізгі дүниелерге қадам жасауына басым бағыттар берілді. Аталған іс-шараларға 34 мектептін күндізгі лагерлерінен 836 демалушы оқушы қатысты.

Әрбір өтілген іс-шара бойынша жеңімпаз шәкірттердің Оқушылар үйінің мадақтама, дипломдарымен марапатталуы да күндізгі лагерь демалушылары арасында бағдарламаның мазмұнын арттыра түсті.  

Мектеп жанындағы күндізгі лагерь демалушыларына арналған бағдарламаның іс-шараларына кент орталығындағы  мектеп демалушылары ғана емес, шалғай ауылдардағы білім мекемелері жанындағы демалушы балалардың да көптеп қатысуы  қосымша білім беру саласы көкжиегінің әр жыл сайын кеңейіп келе жатқандығын байқатады.

Оқушылар үйіндегі қосымша білім беру педагогтары «ЖАЗ» бағдарламасына тиісті жұмыстарды атқарумен қатар балалардың демалыс сәттерінің нәтижелі болуын дамыту мақсатында техникалық, шығармашылық, спорттық бағыттардағы үйірме жұмыстарын жүргізіп, балалардың бос уақыттарын тиімді болуына арнайы үйірме сағаттарын бөле білді.

Сонымен қатар, «Сыр Ұланы» тынығу лагерінде де қосымша білім  беру педагогтары лагерь демалушыларына қолөнер, сурет, спорт бағыттарындағы үйірме жұмыстарын жолға қойып, лагерь тынығушыларын ұлттық қолөнер, сурет салуға баулып, спорт арқылы балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда. Жоғарыда аталған үйірмелерге 250-ден астам оқушы тартылып жұмыс жүргізіліп келеді.
Балаларға арналған демалыс орындарының негізгі міндеттері балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуына, шығармашылық еңбегіне, өздерінің қабілеттерін іске асыруы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге, олардың тиімді демалысын және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталады.

Осы бағыттағы игі істердің ілгерілеп, дамуына өз үлестерін қосатын Оқушылар үйінің қосымша білім беру педагогтары алдағы кезеңдерде де нәтижелі жұмыстарымен балалар қуанышын арттыра береді деген сенімдеміз.

Тағы да оқыңыз: