Kyzylorda-news.kz Ақ халатты абзал жанның қай-қайсысы да құрметке лайық. Десе де, өмірге ұрпағының аман-сау келуіне үлес қосатын акушер-гинекологтің қызметін әрбір ана ұмытпаса керек. Өмірге перзенттің келуі – жауапты әрі таңғажайып құбылыс. Осы сәтте анаға дем беріп, дені сау ұрпағын бауырына басуға себепкер болатын да осы сала мамандары.

 Адамзат өмірі үшін жауапкершілік арқалайтын маман иесі – Байқоңыр көпбейінді ауруханасының акушер-гинекологі Набира Набатова. Ленинск қаласының тумасы мектеп бітірген соң, Шымкент медициналық училищесінде медициналық көмекші мамандығы бойынша білім алған. Сол жылдан бастап Ленинск қалалық ауруханасының клиникалықдиагностикалық зертханасында фельдшер болып қызмет атқарған. 1989-1995 жылдары Ақтөбе Мемлекеттік Медицина институтының «Жалпы медицина» факультетінде дәрігер мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Одан кейін Төретам ауылдық ауруханасында акушер-гинеколог, 2003 жылдың қаңтарында Байқоңыр қалалық ауруханасының антенатальды клиникасында акушер-гинеколог болса, сол жылдың мамырында аурухананың перзентхана бөліміне ауыстырылған. 2008 жылдан бастап осы уақытқа дейін Байқоңыр қаласындағы №2 емхананың антенатальды клиникасында акушер-гинеколог болып жұмыс істеуде. Білімін әрдайым жетілдіріп отыратын ізденімпаз маман 2015 жылы 12 сәуірде акушерия және гинекология саласындағы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласындағы маманның сертификатын, 2016 жылы қазанда Ресей Федерациясының «Акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша жоғары біліктілік санатын иеленген.

– Өмірге ұрпақтың келуі – маңызды үрдіс. Болашақ мемлекет иелерінің саулығы – бүгінгі ананың саулығымен тікелей байланысты. Біз сол үшін де жаңалықты жатсынбай қабылдап, жаңа технологияларды меңгеріп, ана мен баланың амандығы үшін еңбек етеміз. Білімді қашанда жетілдіріп отыруды мақсат еткенмін. Себебі жаңа заман қарыштап дамуда. Біз де одан қалыс қалмай, жақсылығын көріп, көштен қалмауымыз керек. Мен үшін нағыз бақыт – балапанын бауырына басып, қуанған ананың жымиған жүзін көру, – дейді акушер-гинеколог Набира Нағашыбайқызы.

30 жылдан астам бір салада еңбек етіп келе жатқан Н.Набатованың жеткен жетістіктері де жетерлік. Ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, Байқоңыр қаласының соғыс, еңбек, мемлекеттік және әскери қызмет ардагерлері кеңесінің «Адал қызметі және медициналық көмек көрсетуге жеке үлесі үшін» төсбелгісін кеудесіне таққан. Өзге адамның денсаулығы үшін еңбек етіп, ыстық ықыласы мен аялы алақанын ұсына білетін ақ халаттылардың еңбегі ерен. Қазіргі пандемия бұрынға қарағанда дәрігердің қадірін арттырып, адам өміріндегі орнын айқындай түскендей. Үзілгелі тұрған үмітті қайта жалғайтын, тіпті кейде ажалдан арашалап, екінші өмір сыйлайтын ақ халаттылар қандай құрметке де лайық.

Тағы да оқыңыз: