Kyzylorda-news.kz Партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен партия филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл жөніндегі Кеңестің бірлескен отырысы өтті.
Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған бағыттардың бірі - мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесін енгізу, қазіргі жүйенің проблемаларын жою, сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтар құрған қоғамдық ұйымдарынан сатып алынатын тауарлардың, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу кезінде Индустриялық сертификат талап ету бойынша ұсыныстары жан-жақты талқыланды.
Мемлекеттік сатып алу жүйесін қайта қарау мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Бұл барлық әлеуметтік маңызды жобаны жүзеге асыруға тікелей әсер ететіндіктен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бұл саланы түбегейлі реформалауды тапсырған болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Жиын барысында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы мемлекеттік сатып алудың барлық процесі автоматтандырылғанмен мемлекеттік сатып алулар проблемалық салалардың бірі болып отырғандығын тілге тиек етті.
«Мемлекеттік сатып алу – жемқорлыққа әбден батқан сала деп айтсақ артық айтқандық болмас. Әсіресе құрылыс пен жол жөндеу ісіне сұрақтар көптеп кездеседі. Мәселен, аудандардағы құрылысы кешігіп жатқан нысандарға партиялық бақылау жүргізгенде, бірнеше мердігер мекемелердің құрылыс жұмыстарына салғырттығы, жауапсыздығы салдарынан пайдалануға беру кестесінен кешікеніне куә болдық. Мерзімінде бітпеген нысандар, сапасы сын көтермейтін нысандар осы сөздің айғағы. Бұл бойынша депутаттық фракция тарапынан аталған компанияларға қатысты құқықтық баға беруін сұраған арнайы хат Жоғарғы сот пен Бас прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігіне, Қаржылай мониторинг агенттігі мен партия басшылығына жолданды», - деді Нұркен Бақытбекұлы.
Жиын барысында Мемлекет Басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралардың өңірде орындалуы бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының хабарламасы тыңдалды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдар қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдар қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу кезінде Индустриялық сертификат талап ету қаншалықты тиімді. Осы бағытта ҚР Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алу заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу туралы «Жігер» Қызылорда облысы мүгедектерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Джумадилаев ұсынысын жеткізді.
Біріккен отырыста күн тәртібіне сәйкес, Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өкілдерінің ұсыныс пікірлері тыңдалды.
Жиынды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев қорытындылап, Сыбайлас жемқорлықтық алдын алу мен саланы жетілдіру бағытында ойын айтты.