Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда әлемдік экономиканың негізгі алғышарты - креативті индустриялар. Шығармашылық пен жаңашылдыққа негізделген экономика - тұрақты даму жолы. Осыған орай арнайы жоба жасалып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталды.
Ұлттық салт-дәстүр мен тұрмыстық, мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған партияның "Ұлттық мұра" жобасымен үндескен креативті идеялар керуені бүгін Шиелі ауданына келді.
Руханият орталығында өткізілген жоба аясында ел ішіндегі қолөнершілер, кәсіпкерлер, сән, дизаин, сурет бағытындағы жастар мен барша қызығушылығы бар азаматтарға семинар-тренинг, шеберлік сыныптары, қолөнер көрмелері, дәрістер форматында шаралар ұйымдастырылды. Жобаны жүзеге асырушы - "Анаға тағзым" орталығының "CREATIVE ORDA" клубы. Жоба - өңірдің креативті әлеуетін ашатын, жаңа мүмкіндіктерге жол көрсететін, өнер мен кәсіпті тоғыстыратын бірегей бастама.

Жергілікті қолөнершілер бұйымдарының көрмесі көрсетіліп, шеберлік сағаттары өткізілді. "Жарнама-жарты табыс" тақырыбында сабақ ұйымдастырылды.
"Атамекен палатасының" кәсіпкерлікті қолдау бойынша шараларының презентациясы ұсынылды. "Өнер - жұтамас байлық" екенін жеткізген шара ісіңді берекеге, кәсібіңді несібеге айналдыру көздерін ашып берді.
Іс-шараның мәнді-мазмұнды өтуіне партияның аудандық филиалының атқарушы хатшы Жібек Баймұратова,бастауыш ұйымдар мен партия филиалы жанынан құрылған "Әйелдер қанаты" мүшелері үлес қосып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

