Kyzylorda-news.kz Арал ауданының руханият орталығында “Creative Caravan” облыстық креативті көрмесі аясында қатысушылар мен “AMANAT” партиясы аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты өкілдерінің қатысуымен арнайы оқыту дәрістері мен диалог алаңы ұйымдастырылды.
Кездесу барысында парти филиалы жанындағы Әйелдер қанатының “Әйелдердің бизнесін дамытуға көмектесу” бағытының жетекшісі Ембергенова Нұрсәуле Сайлауқызы қатысушыларға мемлекеттік гранттар мен кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктер жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Ол өз баяндамасында әйелдердің шағын және орта бизнесте белсенді болуын ынталандырудың маңыздылығына тоқталып, нақты қолдау тетіктерін түсіндірді.
Сондай-ақ, облыстық “Анаға тағзым” орталығының мамандары түрлі тақырыптарда дәрістер өткізіп, қатысушылармен тәжірибе алмасты. Дәріс барысында қоғамдағы әйел рөлін арттыру, отбасылық құндылықтарды сақтау және заманауи креатив саласында өзін-өзі дамыту бағыттары талқыланды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар көрме мен диалог алаңы қатысушыларына алғыс хаттар табыс етіп, шығармашылық көңіл-күйде креативті фотосессия ұйымдастырды.
“Creative Caravan” жобасы – өңірдегі креативті орта мен кәсіпкер әйелдердің өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеялармен бөлісуіне және шығармашылық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып отыр.

