Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 124 адамға жетті. Бүгін соңғы тәулікте жаңадан анықталған 5 жағдайдың мән-жайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 124 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 5 жағдай анықталды. Оның екеуі – Сырдария, екеуі – Шиелі, біреуі – Жаңақорған ауданының тұрғындары. Шиелі және Сырдария аудандарында тіркелген науқастардың барлығы да бұрын анықталған науқастармен қарым-қатынаста болып, карантинге оқшауланған еді. Яғни, карантинге алынған тұрғындардың арасынан анықталып отыр. Ал, Жаңақорған ауданында тіркелген науқас – коронавирустық инфекцияның жаңа ошағы болып табылады. Осы жаңа ошақта анықталған науқаспен қарым-қатынаста болғандар анықталып, нақтылану үстінде. Соңғы тәулікте анықталған 5 науқастың екеуі – ер адам, үшеуі – әйел адам. Жас шамалары 26 мен 61-дің аралығында. Қауіпті індет жұқтрығандардың барлығы жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылып, тиісті емдерін қабылдауды бастады», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, Covid-19 індетін жұқтырған өңірдегі 124 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 1504. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 843, потенциалды байланыста болғандар – 661 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 122, правизорлық стационарда – 25, карантиндік стационарда – 407 адам бақылауда.

Басқарма басшысы атап өткендей, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен 19 адам келген. Қазіргі таңда оның төртеуі – стационарда, 15 – үй жағдайындағы карантинде бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы қауіпті індетке шалдыққан науқастарды дер кезінде және алғашқы сатысында анықтауда 14 күндік карантиннің көмегі зор екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда бізге аталған індетті жұқтырған науқастарды дер кезінде анықтауда 14 күндік карантин режимінің көмегі зор. Осының арқасында біз науқастарды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік алып отырмыз. Қазақстанға өзге өңірлерден келген тұрғындардан алдымен сынама-тест алынады. Нәтижесі теріс болса, тұратын өңірлеріне жіберіледі. Біз облысқа келген тұрғындарды тағы 14 күн карантин режимінде оқшаулап, бақылаймыз», – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, бүгін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 124 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.

Оның ішінде, Қызылорда қаласында – 12, Жаңақорған ауданында – 19, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 59, Сырдарияда – 25, Арал – 4, Қазалы ауданында – 1 жағдай тіркеліп отыр.

Тағы да оқыңыз: