Kyzylorda-news.kz. ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде стационарға кімдер, қандай жағдайда жатқызылатынын айтып берді. 

«ПТР диагностика жасаған кезде пациенттер симптомсыз және симптомды болып екіге бөлінеді. Ешбір клиникалық өзгерістері байқалмаған, бірақ коронавирус нәтижесі оң болған пациенттер, вирустың жеңіл түрін жұқтырған науқастар амбулаториялық ем қабылдайды, яғни, бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) дәрігерінің бақылауында болады. Жалпы, халық аурудың жеңіл түріне қандай жағдайларда жатқызуға болатынын түсінуі керек. Оның негізгі белгілері – тыныс алуда қиындықтың болмауы, температура мөлшері 38°C -тан төмен немесе мүлдем жоқ, жеңіл катаральды белгілердің (тамақтың қызаруы, қышуы, мұрынның бітелуі, жеңіл жөтел) байқалуы, жүрек қағысының минутына 60-80 рет соғуы», – деді ол.

Ләззат Ақтаеваның айтуынша, пациентте интоксикация белгілері байқалса, оның жағдайы ауыр деп бағаланып, стационарға жатқызылады.

«Егер пациентте интоксикация белгілері байқалса, мысалы, бастың ауыруы, бұлшықеттердің ауыруы, температураның 38°C-тан жоғары болуы, тыныс алуда қиындық туындаса, ентігу байқалса, бұл коронавирус инфекциясының ауыр түрі жұқты деген сөз. Мұндай науқастар стационарлық емдеуге жатқызылуы тиіс», – деді Ақтаева.

Baq.kz

Тағы да оқыңыз: