Kyzylorda-news.kz. Бүгінде әлем күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялардың қарқынды дамыған заманы болды. Сондықтан болар, ескінің сарыны сары майдай сақталмай, керісінше жаңашылдыққа жармасып, жаңғыруға бет бұрып келеміз. Бұған кей өзгерістердің өзі оң нәтиже бергенінен көз жеткізуге болады. Әйткенмен, құр сөзбен әспеттегеннің емес іс жүзінде ілгерілеген жұмыстардың һәм тиянақты тәжірибелердің жемісін бергені жеңіспен тең. Біз де осындай жаңарудың жолында жасалған нық қадамдардың куәсі болдық. Иә, енді елімізде цифрлық эфирлік телевизия толығымен қолданысқа енгізілетін болды.
Әлбетте, көгілдір экранның қырағы көзді көрерменін «аналогтық және цифрлық телевизияның айырмашылығы неде?» деген сұрақ толғандыруы мүмкін. Тарқата айтсақ, аналогтық телевизияның қолайсыздығы көбіне кедергі келтіретін. Мәселен, құбылмалы ауа-райы кезінде құбылысын мың өзгертіп, сигнал нашарлап, кескін бұрмаланып, бұл түбінде сапасына да әсер ететін. Осының салдарынан бейне бұлдырап, дыбыстар шумен шығып, түрлі ақаулардың пайда болғандығы жалған емес. Сондықтан, аналогтық хабар тарату ескіріп, заманауи талаптарға сай келетін цифрлық эфирлік хабар таратудың жолға қойылғаны көпке мәлім. Мұның басты артықшылығы да бұқараға түсінікті тәрізді. Цифрлық хабар таратудың ерекшелігі – айқын бейне мен анық әрі сапалы дыбысында. Тіпті, бұл алыста орналасқан елді мекендерг.е еш кедергісіз һәм өзгеріссіз жеткізіледі.
Облысымызда да аналогтық эфирлік телевизия ішінара өшіріліп, цифрлық эфирлік телевизияға көшірілді. «Телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық оператор «Қазтелерадио» АҚ Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Қызылорда облыстарында аналогты телевизияны өшіре отырып, цифрлық эфирлік телевизияға (бұдан әрі – ЦЭТВ) көшу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Аналогты телевизияны өшіре отырып, ЦЭТВ-ға толық көшу процесі нақты алынған өңірдің дайындығына байланысты және халықты алдын ала хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Аталған облыстарда қазірдің өзінде желі құрылып, цифрлық телевизия енгізілген» деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Артур Қамбаров.
А.Раушанбекұлының айтуынша, цифрлық эфирлік телевизия желісінде 827 радио телевизиялық станция салынады. Желіні құру технологиясы мемлекеттік және республикалық деңгейдегі коммерциялық телеарналарды, сондай-ақ, облыстық, жергілікті арналарды қоса кіргізе отырып, арналардың топтамаларын (мультиплекстерін) қалыптастыруға мүмкіндікбереді. Оның ішінде, Қызылорда облысы бойынша 30 радиотелевизиялық станция жоспарланып, бүгінгі таңда 17-сі іске қосылған екен. Иә, енді облыс тұрғындарына кескіні мен дыбысының сапасы күшті 15-ке жуық отандық телеарна қолжетімді. Ал облыс орталығының тұрғындары 30 шақты арнаны көре алады. Олай болса, жүйеге қосылудың жолын былай түсіндіруге болады. «Қазтелерадио» АҚ аналогты телевизияның өшірілуіне байланысты облыс тұрғындарына цифрға көшуді ұсынады. Оған қосылу үшін теледидар DVB-T2 цифрлық хабар тарату стандартын қолдайтынына көз жеткізу керек. Егер қолдайтын болса, тек дециметрлік антеннаны ғана қосу керек. Ал, ескі теледидарлар, әдетте, DVB-T2 стандартын қолдамайды, сондықтан цифрлық сигнал қабылдағыш сатып алу қажеттігі туындайды.
Қызылорда облысы аумағында облыс халқының 80%-дан астамын қамтитын 17 радиотелевизиялық станцияның құрылысы салынды. Енді 550 мыңнан астам тұрғыны бар 174 елді мекен 15 отандық арнаны цифрлық сапада көре алады. Айта кетейік, облыста цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтылмаған 80-ге жуық елді мекен бар. Оның 60-ын Цифрлық эфирлік телевизиямен қамтамасыз ету мақсатында қосымша 13 радиотелевизиялық станция құрылысы жоспарланған. Сапалы телевизиялық сигнал беру мақсатында қалған елді мекендер «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісіне қосылған. Сонымен қатар, көмек қолын созуда кейін шегінбейтін басшылық тұрғындарды толық қамтамасыз етуде тұралап қалған емес. Мәселен, атаулы әлеуметік көмек алатын отбасыларды цифрлық эфирлік қабылдағыштармен қамтамасыз ету жоспардағы жұмыс. Бүгінде облысымызда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 8543 болып белгіленген. Оның ішінде Ұлттық цифрлық телевизияға қосылғандар саны 4413. Әлеуметтік қолдау аясында жергілікті атқарушы органдар ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 723 мың тенге бөлініп, ТВ қабылдағыштар сатып алып беру жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін бұл шара жыл сайын жүргізіліп отыр. Осы негізде жергілікті атқарушы органның жауапты бөлімшелері осы бағыттағы жұмысты жалғастыруда.
Жүзеге асырылып жатқан жобадан күтілетін нәтиже зор. Аталған жоба бойынша 827 цифрлық станциядан ел халқының 98%-дан астамын қамту көзделген. Бұл елдің түгелге жуығы цифрлық эфирлік хабар таратуға қосылу мүмкіндігіне ие болатынын және хабар таратудың сапалы түріне қол жеткізе алатындығы айқындалды.
