Kyzylorda-news.kz Бүгін Қазақстан Республикасының оқу-ағарту, жасанды интелект және цифрлық даму, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің қатысуымен,«Саяси менеджмент академиясы» ЖММ директоры Тамара Дүйсенованың төрағалығымен кеңес отырысы өтті.
Аталған жиынға ZOOМ-платформасы арқылы өңірден «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, атқарушы хатшы Ләйлә Төрешова және тиісті басқарма басшыларының орынбасарлары қатысты.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып, халыққа әлеуметтік қолдауды цифрландыруға және оның тиімділігін арттыруға бағытталған. Жобаның мақсаты – көмек көрсетуді нақты, жедел және проактивті ету, сондай-ақ қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуын болдырмау үшін олардың бөлінуінің ашықтығын қамтамасыз ету. Жоба сондай-ақ әлеуметтік көмектің мақсатсыз пайдаланылуын азайтуға, қаражаттың бақылауға алынуын қамтамасыз етуге цифрлық технологияларды енгізу және қолма-қол ақшаны қолдануды шектеу арқылы ықпал етеді.
Мектептерде қауіпсіздікті және сабаққа қатысуды дәл есепке алуды қамтамасыз ететін валидация жүйелері (карталар, биометрия) орнатылған. Ата-аналар балалары түстенгенін біле алады, ал мемлекет қызметтердің уақытылы және сапалы көрсетілуін бақылайды. Ашықтық есепке алу қателіктері мен мақсатсыз қаржы жұмсауды болдырмауға жағдай жасайды. 700-ден астам оқушысы бар ірі мектептерде транзакциялар орнатылған терминалдар арқылы аппараттық-бағдарламалық кешен (бұдан әрі — АБК) арқылы жүзеге асырылады. Аз қамтылған мектептерде «Бизнес әмиян» тегін мобильдік қосымшасы қолданылады. Осы мақсатта әкімдіктер АБК орнату және оны «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесі мен «Бизнес әмиян» мобильдік қосымшасымен интеграциялау жұмыстарын белсенді жүргізуде.
2024 жылы тиісті АБК-мен жабдықтау бойынша пилоттық жоба төрт өңірде жүзеге асырылды: Астана, Ақмола, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары, 370 мектеп қамтылды. 2025 жылғы қаңтардан бастап жоба барлық өңірлерде іске қосылды. 2025 жылы Астана қаласы мен Қостанай облысында «Әлеуметтік әмиян» платформасы арқылы сәуір және мамыр айларындағы мектеп табельдерін төлеу бойынша пилоттық жоба жүргізілді. Пилоттық жобаны енгізу нәтижесінде Астана қаласының мектептерінде бюджет қаражаттарын үнемдеу 12,4 млн теңгеге жеткені, ал Қостанай облысында шығыстардың 30%-ына дейін үнемделгені тіркелді.
Қазіргі уақытта жобада 6749 мектеп қатысуда. Жобаны жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым қажет болған ұйымдардың басым бөлігінде орнатылған. 17 өңірде енгізу жоспары толық орындалды: Жетісу, Абай, Ұлытау, Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана, Шымкент және Алматы қалаларында.
Ұлттық білім беру деректер қорында «Ыстық тамақпен қамту» атты жаңа бөлім енгізілді, онда әлеуметтік педагогтар тегін ыстық тамақ алатын балалардың тізімін қалыптастырады. Қазіргі уақытта екінші санат бойынша жан басына шаққандағы орташа табыс деректері цифрлық ваучерлер жасалғанға дейін Еңбек министрлігінің интеграцияланған скоринг жүйесі арқылы тексеріледі.
