Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы енгізілді. Қазіргі таңда рсепублика бойынша бағдарлама шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл Жаңа Қазақстанның ақпараттық-технологиялар дәуіріндегі жылдам хабар алудың тетігі. Осыған байланысты қазіргі күні көптеген құжаттамалар электронды форматқа көшті. Қағазбастылық азайып келеді. 

1963 жылы Калифорния штатында дүниеге келген, үлкен компаниялардың ақпараттық қауіпсіздігін бұзып жарған Кевин Митник деген атақты хакер бар. Осы сабазыңыз он екі жасында әлеуметтік инженерияға әуестеніп, кейін қиын деген қорғанысты бұзатын «шабуылшыға» айналыпты. Алғашқы тәжірибесінде-ақ телефон желілерін бұзу арқылы тегін сөйлесуге қол жеткізген оған одан әрі телефондар желісі мен АТС-ті талқандау қиын шаруа болмай қалады. Ол мұнымен де тоқтамай Нокиа, Моторола, Фуджиситу, Сименс сынды іргелі компанияларға ауыз сала бастап, ақыры ісі әшкере болған. Оның осындай ақпараттық шабуылын арқау еткен «Бұзу» деген кинофильм де түсірілген екен. Бүкіл жүйені бұзып, шығынға батырған шабуылшыны біз неге мысал еттік? Оның заңсыз әрекетін дәріптейін деген ойымыз жоқ әлбетте. Тек алпауыт елдердің ақпараттық технологиясының өткен ғасырда-ақ алға озып кеткені қызықтырады әрі ойландырады. Ал біз осы көштің қай тұсында келе жатырмыз?

Еліміз жаппай сандық жүйеге көшуге бет алғаны белгілі. Президент «Цифрлық Қазақстан» жобасын мәлімдегеннен кейін-ақ, бұл салаға баса назар аударыла бастады. Мамандар бұл жеделдік пен уақытты үнемдеуге жол ашатынын алға тартты. Құжат даярлау, білім, денсаулық саласында озық технологияларды енгізу арқылы жұмыс өнімділігін арттыру көзделіп жатыр. Әрине, бұл бағытта біраз өзгеріс бар деуге болады. Алайда, бұл еліміздегі ІТ саласының мәселесі біржола шешілді деген сөз емес. Себебі, біздің ең басты мәселеміз әлі де тысқары қалып келе жатқан секілді. Бізге алдымен осы ақпараттық жүйелерді жасайтын кадрларды даярлау мәселесін шешу керек. 

Бүгінде ақпараттық технология өмірімізге түгелдей енді. Мәселен, қолыңыздағы телефон арқылы билетке тапсырыс беру, үйде отырып-ақ құжаттарды дайындау– бәрі-бәрі жаңа технологияның жаңалығы. Ақыр соңы ас үйдегі тоңазытқыш та осы ІТ-ға тәуелді болып жатыр. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы мен индустриялық жобаларды да жаңа жүйемен жасақтап, өнімділікті арттыру көзделіп отыр. Ендеше алдағы он жылдықта мамандықтардың тең жартысы түгелдей өзгереді деген пікір негізсіз емес. Осы өзгеріске біз де бейімделуіміз қажет. Мемлекет мүмкіндік жасап, қыруар қаржы бөліп, сандық жүйені орнатып жатқанымен ІТ мамандар әлі де кемшін тұсымыздың көп екенін айтады. Мәселен, сайт жасаушы мамандарға деген сұраныс жоғары. Алайда, елімізде сұраныс толықтай өтелмей отыр. Одан бөлек, сапалы сайт жасайтындар да өте аз. Сондықтан ішкі нарықты Ресей мен Украинаның компаниялары жаулап жатыр. Өзара бәсекелестік жоқтың қасы десек те болады. Бұл ойымызды аралдық жас ІТ маман Данияр Тәжімбет те қуаттайды. Ол бүгінде графикалық дизайн, сайт жасау бойынша жұмыс істеп жүр. Айтуынша, бұл саланы таңдаған адам табыссыз қалмайды. Тек ерінбей еңбек ету керек. Ол «Жас проджект» жобасына қатысып, компьютерлік және ақпараттық сауаттылыққа үйрету бойынша грант жеңіп алып, қала тұрғындарына жаңа саланы үйреткен. «Өзге елдерге қарап, бізде әлі де толықтыратын тұстар бар екенін жасыра алмаймын. Қарапайым компьютердің бағдарламаларын дұрыс қолдана алмайтын адамдар да бар. Сондықтан болашағымызды өз қолымызда ұстағымыз келсе, жаңа саланы жан-жақты жаппай игеруіміз керек» деп есептейді. 

Елімізде ІТ саласында жетіспейтін мамандар саны мыңдап саналады екен. Алайда, тас лақтырсаң тиетін заңгер мен есепшіге жұмыс тауып бере алмай отырмыз. Сондықтан әлгі айтылған мәселені шешу мектептен басталу қажет секілді. Оқушылардың қызығушылығын арт тырып, ауыл-аймақта ақпараттандыру жұмыстарын қолға алу қажет. Шынын айтайық, кейбіреулер мұндай саланың бар екенінен де бейхабар ғой. Бұл болашақ табысты сала екені айтып түсіндірілсе, бағытын өзгертуі де мүмкін. Табыс демек ші, технологияламен айналысушы азаматтардың ай лығы бүгінде мұнайшылардан да асып түседі. Егер сұранысқа сай маман болсаңыз, өзгелер жылдап жүріп алатын ақшаны бір сайт жасау арқылы қалтаңызға түсіруге болады. 

Қазіргі таңда жаңа технологияның жілігін шаққан мамандар бір бағытты бүге-шүгесіне дейін үйренген сауатты технологтардың аз екенін айтады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жобасы бойынша 2021 жылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында елде 182 мың адам жұмыс істеуі керек екен. Ал алдымызға бұл саланың табысы жалпы ішкі өнімнің 4,9 пайызын құрауы тиіс деген мақсат қойылып отыр. Алайда, әлгіндей кемшіліктер жойылмаса, бұл межеге жетуіміз екіталай секілді. 

Бүгінгі қоғам бармақпен басқарылатын заманға айналды. Кез келген мәселе саусақ ұшында сырғанап жатыр. Дәуірлер қозғалысын дәл осы қолдың саласымен көрсетіп берсе болатындай. Алайда, сол саусақты басқаратын адамның миы екенін ұмытпау керек. Ал мидың қорегі білім екені айтпаса да түсінікті.

Тағы да оқыңыз: