Kyzylorda-news.kz. Діни сауаттылықтың қоғам үшін маңызы зор. Бүгінде діни сауатсыздықтан түрлі теріс ағымдардың құрығына түсіп, өз тағдырларын тәлкек еткен азаматтар жетерлік. Олардың арасында ақ пен қараның ара жігін ажыратып үлгермеген өрімдей жастардан бастап, егде жасқа келген азаматтар да кездеседі. Дегенмен, қазіргі таңда теріс діни ағымдар санасын улаған осындай азаматтарды оңалту, алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Осы ретте, азаматтардың діни сауаттылығын арттыруда имамдардың рөлі ерекше орын алатыны белгілі.
Осы орайда, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі Қармақшы аудандық «Қармақшы ата» мешітінде Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы, шариғат және пәтуа бөліміне жауапты маман, ЖАНТ мүшесі Мағжан Өмірбеков қатысуымен аудан және ауыл имамдарына арналған «Цифрлы заманда пәтуа берудің әдебі мен маңыздылығы» тақырыбында семинар болып өтті.
Жалпы, пәтуа беру үлкен жауапкершілік. Алла Тағала Құранда: «Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олар сенен, әйелдер жайында пәтуа сұрайды. Оларға Алла сендерге олар жайында пәтуасын білдіреді» («Ниса» сүресі, 127-аят) деген екен.
Семинарда қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пәтуа шығару, халық тарапынан келген сұрақтарға жауап беру ҚМДБ-ның басты жұмыстарының бірі екені айтылып, қосымша пысықталды.

