Kyzylorda-news.kz Президент Жолдауы әбден сараланып, сүзгіден өткен сын қатерлерді ескере отырып, еліміздің осы кезде атқару қажет бағыттарын айқындап берді.

Жолдау кіріспе бөлім мен қорытындыдан басқа жеті бөлімнен тұрады:

- «Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту»;

- «Өнеркәсіпті нығайту (өңдеу және тау-кен өнеркәсібі)»;

- «Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа серпіні»;

- «Көлік-логистикалық және туристік әлеуетті іске асыру»;

- «ТКШ және су инфрақұрылымын жаңғырту»;

- «Кәсіпкерлік экономика дамуының қозғаушы күші ретінде»;

- «Адами капиталды дамыту».

1. Бұл ретте жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын енгізу міндеті мен цифрландыру Жолдаудың өзегіне айналып, елді жан-жақты жаңғыртудың негізгі тетігі ретінде қарастырылады. Осы бағытта үкіметке үш жылдың ішінде басқарудың ашықтығын қамтамассыз ету және талдауды жахандық талдаумен жүргізу мақсатында цифрландыруға көшуді міндеттеді.

2. Мемлекет басшысы цифрлық кодексті қабылдауды жеделдету міндетін қойды (құжат жасанды интеллект, платформалық экономика, деректерді пайдалануды қоса алғанда, цифрландырудың негізгі бағыттарын айқындауы тиіс).

Сондай-ақ, ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылады (жаңартылған министрліктің алдына экономиканың жаңа моделін қалыптастыру мақсатында жасанды интеллект технологиясын ауқымды цифрландыру және белсенді енгізу міндеті қойылды).

Цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту бойынша «Digital Qazaqstan« бірыңғай тұжырымдамалық құжатын әзірлеу туралы тапсырма берілді (жасанды интеллект пен жалпы цифрландыруды кеңінен енгізу бастамалары мен жобалары жалпыұлттық стратегияға біріктіріледі).

3. Жолдауда Мемлекет басшысы ірі державалар арасындағы қайшылықтарға, қақтығыстар мен соғыстардың жиілеуіне, ұлтшылдықтың күшеюіне, сондай-ақ әлемдік экономикадағы теңсіздіктер мен қайшылықтарға байланысты адамзат алдында тұрған сын-қатерлерді атап өтті.

Мұның бәрі халықаралық құқықтың өз күшін жоғалтып, БҰҰ-ның мәртебесі мен рөлінің әлсіреуі аясында орын алуда.

Президенттің пікірінше, жаһандық үрдістер әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі болып табылатын Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында ескерілуі тиіс.

Мемлекет басшысы бұл жағдайдан шығудың жолын ұлтты біріктіруде көреді – «біз біртұтас ұлт ретінде аянбай еңбек етуге тиіспіз». Бұл ретте барлық реформалар салмақты әрі байыппен жүргізіліп, олардың сапалы жүзеге асырылуына ерекше мән берілуі тиіс.

Осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын Ахмет атамыз: «... Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», - деген тәмсіл бүгінгі күнге келіп тұрғандай.

 

Пірмұхаммед Сыздық,

Қызылорда облысы кәсіпкерлер

палатасының директоры

 

Тағы да оқыңыз: