Kyzylorda-news.kz Әлемнің көптеген елі, оның ішінде дамыған мемлекеттер цифрландырудың ұлттық бағдарламаларын нақты іске асыруда. АҚШ секілді алпауыт елдер бұл жүйені осыдан отыз жыл бұрын қолданысқа енгізе бастады. Нәтижесін көрген өзгелер де ерте қамданып, бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Бұл қатарда біздің елдің де қарқыны күн санап артып келеді. Барлық салаға цифрландыру мен жасанды интеллект жүйесі енгізіліп, озық отыздыққа нық қадам бастадық.
Жаңақорған ауданындағы ахуал да көңіл қуантады, бұл жөнінде аудан әкімі аппаратының цифрлық технологияларды дамыту және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мониторингі бөлімінің басшысы Эльмира Шоқыбаевадан білдік.
Шыны керек, цифрлық трансформациялау идеясын әлемдік тренд деуге болады. Цифрлық технологиялар көптеген елдің экономикасын дамытуда маңызды рөлге ие болды. Қазақстанның да көшке ілесуі оң нәтиже көрсетуде. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматта көрсетіледі. eGov, Smart Data Ukimet, Digital ID және Alem.AI платформалары күн сайын мыңдаған мамандардың жұмысын қамтамасыз етіп, қызметтерді ыңғайлы, қолжетімді және қауіпсіз етіп жатыр.
Жалпы, Қазақстанда IT саласында 200 мыңнан астам адам еңбек етеді екен. Соның ішінде 20 мыңы – жасанды интеллект саласының мамандары. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бүгін ақпарат таратты. Олар алдағы бес жыл ішінде 1 миллион азаматқа жасанды интеллект дағдыларын үйретуді көздеп отыр. Айта кететіні, 10 қараша елімізде Цифрландыру күні аталып, осы салада жүрген қызметкерлерге құрмет көрсетіледі.
Цифрландыру – уақыт талабы ғана емес, ел дамуының негізгі тірегі. Осы орайда алдымен ақпараттық технологиялар саласында еңбек етіп жүрген барлық әріптестерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Бұл сала болашақтың баспалдағы деуге болады, сондықтан бұл күн – жаңа технологияларды игеріп, цифрлық қоғам құруға үлес қосып жүрген барлық сала қызметкерлерінің еңбегін мойындау және құрметтеу күні. Мемлекет басшысы да бұл бастамаға ерекше мән беріп, соңғы Жолдауында жылдам дамуға тапсырма берді. Үкіметтің алдыға қойған талабы осы жүйені толықтай жетілдіру. «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Қазақстанның цифрлық трансформация тұжырымдамасы» аясында еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматтары енгізіліп, басқару жүйесі заманауи технологиялармен үйлесім тапты. Бұл бастамалар халыққа қолжетімді, ашық және тиімді қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің кепіліне айналып отыр. «Жаңақорған ауданы әкімінің аппараты» КММ де осы бағытты жүзеге асыруда өзіндік үлесін қосып келеді. Құжат айналымын электрондық форматқа көшіру, цифрлық платформалар арқылы қызмет көрсетуді жетілдіру, ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейту – басты назарда.
– Сіз бұл саланы болашақтың баспалдағы дедіңіз, демек өскелең жастар бұл бағытта көбірек білгені дұрыс шығар?
– Әрине, келешектің кілті жастардың қолында болған соң жаңа технологиялар мен ЖИ-ді жақсы меңгеру міндеті тұр. Жас мамандардың цифрлық сауаттылығын арттыру мен инновациялық ойлауды дамыту – ұжым жұмысының негізгі басымдықтарының бірі. Цифрлық трансформация – қоғамның өмір сүру сапасын жақсартатын, еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі. Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Бүгінгі күні цифрлы кеңістікте жастар ерекше белсенділік танытуда. Себебі кейінгі жылдары Қазақстанда жастар арасында интернет қолданушылар саны артып, әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн-платформаларда белсенділік аясы кеңейіп келеді. TNS деректері бойынша, 2020 жылдан бастап елімізде әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны күрт өскен. 2021 жылдың қаңтарында жалпы саны 12 миллион адамға жетіп, 2020 жылдың басымен салыстырғанда 26 пайызға (2,5 миллион адамға) артты. 2020 жылы әлеуметтік желілер өздерін кез келген аудиториямен байланыстың негізгі арнасы ретінде танытты. Бір жағынан, оған әлемде орын алған постпандемиялық кезең де өзінің белгілі бір деңгейде ықпалын тигізгенін айтпасқа болмайды. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда әлеуметтік желіні қолданушылардың үлес салмағы 63,5 пайызға дейін жеткен. Цифрлық деп жүргенде әлеуметтік желінің де тым жылдам дамығаны қауіп тудырып тұр. Бұл алаяқтардың ең басты олжасына айналды. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік – заман талабына айналды. Қазақстанда электронды үкімет 2006 жылы енгізілсе, жеке деректер мен киберқауіпсіздікке қатысты заңдар 14 жылдан кейін, яғни 2020 жылы қабылданған. Сарапшылардың айтуынша, цифрландыру жағынан озық болсақ та, киберқауіпсіздік тұрғысында сәл артта қалғандықтан бізге киберқауіпсіздікті тез арада күшейту қажет, себебі неғұрлым көп дерек онлайнға көшсе, соғұрлым мүмкіндіктер кеңейіп, шабуыл жасауға қызығатындар көбейеді. Шыны керек, цифрландыру игілігін ел көріп отыр. Бұрын құжат алу – күрделі әрі уақытты қажет ететін процесс болатын. Мысалы, 16 жасқа толғанда: АХАЖ-ға барып, туу туралы анықтама алу, кезекке тұру, қажетті құжаттарды жинау – бірнеше күндік шаруа еді. Қазір – туу туралы куәлік, ата-анасының бірі болса жеткілікті, жеке куәлік бір күнде дайын болады. Міне, бұл – цифрландырудың нақты жетістігі. Қазіргі цифрландыру кезеңінде ақпараттың құндылығы артып келеді. Сол себепті дербес деректерді қорғау, құпия ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету – әрбір қызметкердің маңызды міндеті. Ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – тек IT мамандарының ғана емес, баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Сенімді және қауіпсіз цифрлық кеңістік – еліміздің дамуының кепілі, – дейді бөлім басшысы Эльмира Жалғасқызы.
Түйіндей айтқанда, цифрландыру үдерісі – жоғарыда айтылғандай, тоқтаусыз алға қарыштап дамып бара жатқан әлемдік тренд. Бұл әлемдік трендтен еліміз тыс қала алмайды. Сондықтан жаһандық трендке жылдам бейімделіп, еліміз экономикалық, инновациялық және технологиялық тұстарын жетік меңгеріп, пайдалы жақтарын барынша алуға тиіс. Ал жастардың ақпараттар ағымын сараптап, сыни ойлау қабілетін дамыту қажет. Жастар барлық мәселені рационалды және демократиялық тәсіл тұрғысынан қарастыруға тиіс. Мемлекет осы орайда әлемде цифрландыру үдерісінен туындаған трансформация жағдайында ақпараттық қауіпсіздік саласына қатысты заңнамалық негіздерді қайта қарап, оларды уақыт талабына сай үнемі жетілдіріп отыруы қажет.
Әлібек Жарықбаев
