Kyzylorda-news.kz “AMANAT” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен партияның облыстық филиалы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері бойынша кеңестің отырысы өтті. Онда салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар, наркологиялық, туберкулез, жұқпалы аурулардың облыстағы жағдайы және олардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиында бұл бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова хабарлама жасады.
Оның айтуынша ағымдағы жылдың 9 айында салауатты өмір салтын насихаттау бойынша түрлі бағыттағы 272 іс-шара өткізіліп, 9520 адам қамтылған. Облыс тұрғындарына наркологиялық қызметті Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы құрамындағы 190 төсек орынға арналған тәуліктік және 10 төсек орынға арналған күндізгі стационар, 4 БМСК ұйымдарындағы психикалық денсаулық орталықтары, Байқоңыр қаласы және аудандардағы 8 наркологиялық кабинеттер көмек көрсетеді. 8 айлық қорытындымен облыс бойынша 839 науқас диспансерлік есепте тұрады. Көрсеткіш 9,1 промиллеге төмендеген. Республикалық көрсеткіш – 88,7 құрайды. Нашақорлық диагнозымен есептегі науқастардың 92% жұмыссыздар және еңбекке қабілетті жастағылар. Жасөспірімдер арасында нашақорлық диагнозымен есепке алынғандар жоқ.
2025 жылдың 8 айында Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы наркологиялық стационарында жалпы 646 науқас емделіп шыққан. Оның 57-сі нашақорлық диагнозымен. Ағымдағы жылдың 8 айында облыс көлемінде нашақорлық сырқаты бойынша 115 азамат сауықтырылып, есептен шықса, 90 науқас қайта есепке алынған.
«Медициналық куәландыру жұмысы барлық аудандарда тәулік бойы жүргізілуде. 2025 жылдың 8 айында медициналық куәландырудан 8195 азамат өткізілді. Нашақорлықты ерте анықтау мақсатында жыл басынан - 281 наркотест медициналық куәландыру барысында қолданылды. Олардың 135-нен есірткі қолдану фактісі анықталса, 17-нен есірткілік масаңдық анықталды. Есірткі, психотроптық заттар мен алкогольді тұтынуға жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Осы мақсатта облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог, валеолог, психолог мамандарының қатысуымен 8 айда 110 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 8400 азамат қамтылды», - дейді Мая Мирзанова.
Инфекциялық және паразитарлық аурулармен аурушаңдық көрсеткішіне келсек, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысымен аурушаңдық көрсеткіші 862,8-ді құрап, көрсеткіш 1,8% жоғарылаған Оның ішінде ересектердің аурушаңдық көрсеткіші 0,7% төмендесе балалардағы аурушаңдық көрсеткіші 5,8% жоғарылаған.
Өңірде туберкулез ауруының күрделі жағдайда қалыптасуы халық денсаулығын нығайтудағы басты мәселелердің бірі екенін анық. Осыған орай фтизиопульмонологиялық қызметті дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасының негізінде туберкулез инфекциясының таралуын тежеу мақсатында үлкен жұмыстар атқарылуда. Алдын-алу мақсатында атқарылған жұмыстар нәтижесінде 100 000 адамға шаққанда туберкулезбен аурушаңдылық өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 3,3% төмендеп, көрсеткіш 31,6-ны құрап отыр дейді басқарма басшысының орынбасары.
Отырыс барысында өзекті болып отырған мәселелердің алдын алу, болдырмау бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге қатысты кеңес мүшелерімен түрлі ұсыныстар ортаға салынып, хаттамаланды. Кеңес төрағасы Нұридин Әмитов барлық ұсыныс пікірлердің орындалысы партиялық бақылауда болатын атап өтті.