Kyzylorda-news.kz 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Жаңа құжаттың негізгі бағыттарының бірі салықтық әкімшілендіруді жеңілдетіп, «жазалау» моделінен «сервистік» модельге көшіру. Яғни салық төлеушіге тіркелген сәттен бастап қызметін тоқтатқанға дейін қажетті қолдау көрсету көзделген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елеманов мәлімдеді.
– Мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеті бюджет қазынасын толықтырумен қатар, халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету. Жаңа Салық кодексіндегі өзгерістердің түпкі мақсаты да салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерлікке түсетін әкімшілік жүктемені азайту. Биылғы көрсеткіштерге сәйкес мемлекеттік бюджет жоспары 105 пайызға орындалып, жоспарланған 174,2 млрд теңгенің орнына 182,8 млрд теңге түскен. Оның ішінде республикалық бюджетке 105,3 млрд теңге, жергілікті бюджетке 63,6 млрд теңге бағытталды. Салық төлеушілермен жүргізілген әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесінде бюджетке қосымша 10,6 млрд теңге өндірілді. Өңірде бүгінде 12 904 заңды тұлға және 52 779 дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеуде тұр. Ал 2026 жылдың сегіз айында Мемлекеттік кірістер департаменті 268,5 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның 99,9 пайызы электронды түрде жүзеге асырылға , – деді спикер.
Салық төлеушілерге түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Жаңа Салық кодексінің талаптары мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша семинарлар, тікелей эфирлер және ашық есік күндері өткізілуде. 2026 жылдың сегіз айында №1414 Бірыңғай байланыс орталығына 22,7 мыңнан астам өтініш түсіп, азаматтарға тиісті түсіндірме берілді.
Жаңа кодекс аясында арнаулы салық режимдері де оңтайландырылды. Бұған дейінгі жеті режимнің орнына үш негізгі режим енгізілді. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтіндерге және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режимдер. Сегіз айда өңірде 18 022 өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат тіркелген.
Сонымен бірге жеке тұлғалардың көлік құралдарына қатысты да бірқатар өзгеріс бар. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жеңіл автомобильдерге 0,7, ал 20 жылдан асқандарға 0,5 түзету коэффициенті қолданылады. Шаруа және фермер қожалықтары бір пикап көлігі бойынша көлік салығын төлеуден босатылды.
– Басты ұстанымымыз тек берешекті өндіріп алу немесе жауапкершілікке тарту емес. Кәсіпкерге салық міндеттемесін реттеуге мүмкіндік беру, артық қаржылық жүктемені азайту және кәсібін тұрақты жалғастыруына жағдай жасау маңызды. Осы бағытта цифрлық сервистерді дамыту, түсіндіру жұмыстарын күшейту және салық төлеушілерге қызмет көрсету сапасын арттыру жалғаса береді, – деді Асқар Сейдекәрімұлы.
