Kyzylorda-news.kz. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында атқарушы биліктің қызмет өлшемі жұмыс орындарын ашу көрсеткішіне тікелей байланысты. Өткен жылы облыста 31315 жаңа жұмыс орны ашылып, 3422 адамға 4,1 млрд теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяны іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындалған. Биылғы меже – 43898 адамды жұмысқа орналастыру. 1526 адамға жаңа бизнес-идеяны жүргізу үшін 2,1 млрд теңге грант берілмек.
Сонымен бірге, 257 кәсіпкерлікпен айналысамын деген жас азаматтарға 2,5 пайызбен несие алу үшін мемлекеттен 1,3 млрд теңге қаражат қаралған.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге. Нысанның құрылысын жүргізуге биыл республикалық бюджеттен 750,0 млн, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 70 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратын салу мәселесі пысықталып жатыр. Айналып келгенде мұның бәрі – жергілікті халық үшін жұмыс көзі, табысын арттыру талабы.
