Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында алғаш рет өтіп жатқан Ұлттық Урбан Форум — еліміздің қалаларын ғана емес, ауылдық елді мекендердің де болашағын біріктіретін диалог алаңы. Осы форумның делегаты, БҰҰ-Хабитат аймақаралық кеңесшісі Шефер Катя өңірдің үлгілі ауылдарының бірі — Берекелі Бесарыққа арнайы сапармен барды.

Бесарық — табиғи сұлулығы мен қоғамдық белсенділігі үйлескен ауыл. Катя Шефер ауыл тұрғындарымен, жастармен және жергілікті билік өкілдерімен, шаруашылық иелерімен кездесті.

«Ауылдар — тек аграрлық емес, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени тіршіліктің маңызды бөлігі. Бесарық ауылындағы өзгерістер — тұрақты және инклюзивті дамудың жарқын көрінісі», — деді ол кездесу барысында.

Сапар барысында сарапшы ауылдағы инфрақұрылыммен, «Ауыл аманаты» жобасымен, ауыл мәдениетімен, көркемөнерпаздардың өнерімен, әлеуметтік жобалармен, жастар бастамаларымен танысты.

Сонымен қатар, Республикалық Ұлттық Урбан Форум аясында форум делегаты, БҰҰ-Habitat аймақаралық кеңесшісі Шефер Катя Сыр өңірінің маржаны – Н.Ілиясов ауылында болды.

Н.Ілиясов ауылы – өзінің таза көшелерімен, көркейген инфрақұрылымымен және тұрғындарының белсенділігімен белгілі. Бұл ауыл – ауылдық аумақтардағы урбанизация мен тұрақты даму идеяларының нақты үлгісі.

Катя Шефер жергілікті тұрғындармен, ауыл әкімдігімен және жастар өкілдерімен кездесті. Ол ауылдың даму бағытымен танысып, инклюзивті жоспарлау, климатқа бейімделу мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, қазақ дәстүрі мен мәдениетінен мәліметтер алды.

«Н.Ілиясов ауылы — өңірлік деңгейдегі урбан дамудың жарқын мысалы. Мұндай жергілікті тәжірибелерді халықаралық деңгейде бөлісу маңызды», – деді Катя Шефер.

Урбан Форум тек қалалар үшін емес. Ол ауыл мен қала арасындағы тепе-тең даму жолын ұсынатын жаңа платформа. Н.Ілиясов секілді ауылдар — осы өзгерістердің алдыңғы қатарында.

Фото: Облыс әкімдігі

Тағы да оқыңыз: